Осёгацу мерекесі: Жапониядағы Жаңа жыл дәстүрлері

19.12.2025 10:29

Жапонияда ресми мерекелік демалыс 28 желтоқсанда басталып, 4 қаңтарға дейін жалғасады

Depositphotos.com

Жаңа жыл немесе Осёгацу — жапондар үшін ең маңызды мерекелердің бірі. Бұл күндері тіпті еңбекқорлығымен танылған жапондар (ал ондайлар елде өте көп) барлық істерін кейінге қалдырып, отбасымен қауышып, ғасырлар бойы қалыптасқан жаңа жылдық дәстүрлерге құрмет көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жапонияда ресми жаңа жылдық каникулдар 28 желтоқсанда басталып, 4 қаңтарға дейін созылады. Егер осы кезеңде Токиоға сапарлап келсеңіз, таңғалуыңыз мүмкін: мерекелік күндері мегаполистің өмірі бір сәтке тоқтап қалғандай әсер қалдырады.

Көпшілік туған қалаларына тарайды, тіпті дүкендердің өзі жабылады. Ал мейрамханалар мен ойын-сауық орындары, яғни еуропалық жаңа жыл мәдениетінің ажырамас бөлігі саналатын мекемелер бұл күндері жұмыс істемейді.

1. Жаңа жыл — жаңа өмір

Жаңа жыл қарсаңы жапон тілінде омисока деп аталады. Бұл — бүкіл отбасы қатысатын үлкен тазалық уақыты, оны содзи дейді. Ескіден арылып, жаңасына орын босату — жапон мәдениетіне тән қасиет.

Бұл кезде үйден ескі реніштер, жарамсыз немесе қолданылмайтын заттар, тіпті ескі фотосуреттер де шығарылып тасталады. Кейбір бұйымдар арнайы жаңа жылдық жәрмеңкелерге сақталады. Яғни әрі үйді тазартып, әрі табыс табу — жапондардың практикалық мінезін көрсетеді.

2. Мерекелік шыршаның орнына

Еуропада жаңа жыл шыршамен, ойыншықтармен және түрлі шамдармен безендіріледі. Ал Жапонияда бұл дәстүрдің орнын кадомацу басады. Ол — қарағай, бамбук және өрік бұтақтарынан жасалатын әшекей. Бұл өсімдіктер ұзақ ғұмырды, берекені және беріктікті білдіреді.

Кадомацу үйлер мен кеңселердің кіреберісіне Жаңа жылға бірнеше күн қалғанда қойылып, 7 қаңтардан кейін алынады. Сенім бойынша, кадомацу — Тосигами-сама атты құдайдың уақытша мекені. Оны қарсы алу арқылы отбасы жыл бойы молшылық пен ата-баба батасын алады.

3. Жаңа жылдық дастархан

Жаңа жыл күндері жапондарды асүйден табу қиын. Біріншіден, дәстүр бойынша қаңтардың алғашқы үш күнінде от жағуға, яғни тамақ пісіруге тыйым салынады. Екіншіден, дүкендер жабық болады. Сондықтан мерекелік тағамдар бірнеше күн бұрын дайындалып қояды.

Ескі жылды шығарып салу тосикоси-соба атты қарапайым кеспесіз өтпейді. Сырт көзге тартымсыз көрінетін бұл тағам жапондар үшін ұзақ өмір мен жеңіл ғұмырдың символы саналады. Сондай-ақ оны жеген адам өткен жылдың барлық сәтсіздігін артта қалдырады деп сенеді.

Ал жаңа жылдық дастарханның басты асы — осэти-рёри. Бұл — теңіз өнімдері мен көкөністерден тұратын тағамдар жиынтығы. Осэти-рёри әсем дзюбакао қорабына салынып, үстелдің ортасына қойылады.

Бұл жай ғана ас емес, әрбір ингредиенті белгілі бір тілек пен мағынаны білдіретін рәміздер жиынтығы.

Мысалы, лотос тамыры ренкон — кедергісіз, сәтті жылды, қара бұршақ куромамэ — тұрақты жұмысты, жапон балығы — қызметтегі өсуді, майшабақ уылдырығы — көп балалы болуды білдіреді. Асшаян ұзақ әрі бақытты өмірді, ал қантталған каштан мен картоп езбесінен тұратын кури-кинтонның алтын түсті түсі байлықты меңзейді.

Осэти-рёриді екі ұшы да үшкір арнайы иван-баси таяқшаларымен жейді. Сенім бойынша, таяқшаның екінші ұшын жыл бойы адамға жол көрсететін құдай қолданады.

4. Сағат түн ортасын соққанда

Жапонияда жаңа жыл түні қоңырау үні екі сағат бойы тоқтамайды. Бұл буддистік ғибадатханаларда өтетін маңызды рәсім — дзея-но-канэ деп аталады. Жаңа жылды қарсы алу кезінде қоңырау 108 рет соғылады.

Буддизмде адам баласы бонно деп аталатын 108 түрлі нәпсі мен сезімнің құрсауында болады деп есептеледі. Олардың қатарында ашу, қызғаныш, тәуелділік бар. Әрбір қоңырау соғылған сайын бір боннодан арылуға болады деп сенеді.

Дзея-но-канэ сөзбе-сөз «ескіні артқа тастап, жаңасына қадам басатын түн» деген мағынаны білдіреді. 108-ші қоңырау соғылған соң, адам санасы тазарады деп есептеледі.

5. Бақытты гандзицу

Жаңа жылдың алғашқы күні гандзицу деп аталады. Бұл — жапон отбасылары үшін аса жауапты күн. Таңғы ас ішкен соң (осэти-рёри), барлығы бірге ғибадатханаға барып, жаңа жылға сәттілік тілеп дұға етеді.

Рәсімнің тәртібі мынадай: алдымен садақа жәшігіне тиын тастау, қоңырауды қағу, екі рет иілу, екі рет алақан соғу және тағы бір мәрте иілу. Осыдан кейін сәттілік серік болады деп сенеді. Ал содан соң ғана сыйлық алуға жол тартады.

6. «Сәтті қапшық»

Жапондардың сүйікті дәстүрлерінің бірі — фукубукуро. Бұл — ішінде не бар екені белгісіз, бірақ бағасы алдын ала белгілі арнайы қапшықтар.

«Бақытты қаптың» ішінен кез келген зат табылуы мүмкін. Көбіне оның ішіндегі бұйымдардың құны қаптың бағасынан әлдеқайда қымбат болады. Сол себепті дүкендердің алдында ашылуына бірнеше сағат қалғанда-ақ ұзын-сонар кезек түзіледі.

7. Одзисан, сыйлық қайда?

Жапониядағы Санта-Клаусқа ұқсас кейіпкер — Одзисан — елде жақында ғана пайда болған. Ол 1 қаңтарға қараған түні балаларға сыйлық әкеледі. Алайда ол келмей қалған күннің өзінде балалар қатты қынжылмайды. Себебі Жапонияда отосидама дәстүрі әлі күнге дейін сақталған.

Жаңа жылда балалар ата-анасынан, ата-әжесінен және туыстарынан ішінде ақша салынған шағын конверттер алады. Орташа есеппен бір конвертте 5 000 иена (шамамен 25 000 теңге) болады. Осылайша жиналған сома қомақты болып, бала оны өз қалауынша жұмсай алады.

8. Барлығы кесте бойынша

1 қаңтар күні Жапонияда тек пошташылар жұмыс істейді. Олар нэнгадзё деп аталатын арнайы ашықхаттарды таратады. Бұл — жаңа жылдық құттықтау хаттар.

Нэнгадзёның ерекшелігі — әр ашықхатта лотереялық нөмір болады. Ұтыс иелерін жол жүру билеттерінен бастап, түрлі пайдалы гаджеттерге дейінгі сыйлықтар күтіп тұрады.