Тағы 135 адам із-түзсіз жоғалып кеткен
Филиппинде «Калмаэги» тайфуны салдарынан кемінде 188 адам қаза болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, тағы 135 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Сондай-ақ 96 тұрғын жарақат алған.
Табиғи апаттан кейін іздестіру-құтқару жұмыстарына әскер де жұмылдырылған. Билік алдағы уақытта су тасқыны қаупі барын ескертті.
«Кеше кешке тайфун Вьетнам аумағына жетіп, қатты жел үйлерді зақымдап, ағаштарды құлатып, электр желілерін істен шығарған. Даклак провинциясында бір адам үйдің құлауы салдарынан қаза тапқан. Вьетнам үкіметі 268 мыңнан астам әскери қызметкерді жұмылдырып, құтқару және эвакуациялау шараларын жүргізіп жатыр», - делінген хабарламада.
«Калмаэги» - биыл Оңтүстік-Қытай теңізінде қалыптасқан он үшінші тайфун. Филиппин мен Вьетнам географиялық орнына байланысты әр шторм маусымында осындай табиғи апаттардан жиі зардап шегеді.
Бұдан бөлек, Филиппин азаматтық авиация басқармасы алдағы демалыс күндері елдің кейбір аймақтарына әсер етуі мүмкін жаңа тайфунға байланысты әуежайларда жоғары дайындық режимін енгізді.
Оқи отырыңыз: Атырау облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты