Әйгілі суретшінің ұрланған картинасы қоқыстан табылған

01.06.2025 16:52

Картинаның құны шамамен 25 млн теңге болады

artrecovery / Instagram

2021 жылы ұрланған туынды төрт жылдан кейін Нью-Йоркте қоқыс арасынан табылды. Оның нарықтағы құны 50 мың долларды, яғни шамамен 25 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

АҚШ-та белгісіз азамат әйгілі канадалық суретші Жан-Поль Риопельдің картинасын қоқыстан тауып алып, бірнеше жыл бойы шкафында сақтап келгенін мәлімдеген. Ол жақында аталған туындыны Нью-Йорктегі аукционға ұсынбақ болғанда, мамандар оның 2021 жылы Эдмонтон қаласындағы галереядан ұрланған туынды екенін анықтайды. Бұл туралы Miami Herald басылымы хабарлады.

Картина «Атауы жоқ, акварель және қағаздағы сия» деп аталады. Аталған туынды мен тағы төрт сурет 2021 жылдың желтоқсанында галереядан қолды болған еді.

Картина иесі әлемдік деңгейдегі галереялар мен аукциондарға, сондай-ақ ұрланған өнер туындыларын бақылайтын ұйымдарға ескерту жіберген. Алайда тергеу еш нәтиже бермей, іс уақытша тоқтатылған.

Картина аукционға шығарылар алдында сараптамадан өткен. Art Recovery International ұйымы картинаның Риопельдің түпнұсқа туындысы екенін растады.

Ұйым басшысы Крис Маринеллоның айтуынша, туындыны ұсынған азамат оның ұрланған дүние екенін білгенен кейін ешқандай шарт қоймастан сақтандыру компаниясына қайтарып берген.

"2022 жылы сарапшылар туындының нарықтық құнын 50 690-57 932 доллар аралығында бағалаған. Ал картинаның бастапқы иелері сақтандыру компаниясынан қомақты өтемақы алып алғандықтан әрі ол ақшаны қайтарғысы келмегендіктен, туындыдан бас тартқан", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Жан-Поль Риопель (1923–2002) — қазіргі заманғы канадалық кескіндеме өнерінің жарқын өкілдерінің бірі. Оның еңбектері әлемнің жетекші мұражайларында сақтаулы тұр. Суретшінің жеке көрмелері өз заманында да, кейінгі жылдары да жоғары сұранысқа ие болды.  

Оқи отырыңыз: Баласын 20 жыл бойы көрмеген қазақстандық актриса сахнада жылап қалды