Испаниядағы пойыз апаты: қаза тапқандар саны артуы мүмкін
Пойыз апатынан кейін елде үш күндік аза тұту жарияланды
Испанияда Урде қаласы маңында болған жойқын пойыз апатынан қаза тапқандар саны артуы мүмкін. Қазір билік марқұмдардың жеке басын анықтап жатыр. Елде қайғылы оқиғаға байланысты үш күндік аза тұту жарияланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Еuronews жазуынша, апта басында Толедо провинциясында екі пойыз соқтығысып, кемінде 69 адам қаза тапқан. Сенбі күні жергілікті тұрғындар мен билік өкілдері апат болған жерге жақын елді мекендегі шіркеуге жиналып, марқұмдарды еске алу рәсіміне қатысты.
Қаза тапқандарды анықтау жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Испания премьер-министрі Педро Санчес бұл үдерісті мүмкіндігінше тез аяқтау үшін барлық күш жұмсалып жатқанын мәлімдеді.
Кастилия-Ла-Манча автономиялық қауымдастығының басшысы Эмилиано Гарсия-Пах адам шығыны артуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның айтуынша, құтқару қызметтері адам сүйектерінің бөлшектері салынған 31 қап жинаған.
Құқық қорғау органдарына хабар-ошарсыз кеткендер туралы 67 өтініш түскен. Олардың 14-і шетел азаматтарына қатысты. Ауруханада тағы 39 адам ем қабылдап жатыр.
Апаттан кейін Испаниядағы теміржол қауіпсіздігі мәселесі де күн тәртібіне шықты. Педро Санчес жоғары жылдамдықты пойыздар желісіне деген сенімге нұқсан келгенін мойындап, мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылдауға уәде берді.
Осы оқиғадан кейін пойыз машинистерінің кәсіподағы 10 және 12 қарашада ереуіл өткізетінін жариялады. Кәсіподақ теміржолдағы қауіпсіздікті арттыру үшін жүйелі шаралар қабылдауды талап етіп отыр.
Оқи отырыңыз: ШҚО-да тасжол бойында жалғыз жүрген әйел жақындарына тапсырылды