Ең жиі айтылатын өкініш - адамның жақындарымен арасындағы ұзаққа созылған реніші
Daily Mail басылымы жазғандай, 15 жыл бойы хосписте жұмыс істеген Лора есімді медбике өмірінің соңғы сәтін өткеріп жатқан адамдардың жиі айтатын өкініштері туралы айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Оның айтуынша, ең көп айтылатын өкініш - адамның жақындарымен арасындағы ұзаққа созылған реніші мен шешімін таппаған даулары. Мысалы, 92 жастағы қария - Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері медбикеге 40 жыл бойы туған ағасымен сөйлеспегенін айтып берген. Ер адам бауырымен не үшін араздасқанын ашып айтпағанымен, «сол ерегісте мен ұттым, бірақ тұтас ғұмырымды жоғалттым» деп өкінген.
Лораның айтуынша, көп адам кедейліктен қорқып, бар уақытын жұмысқа арнағанына, соның кесірінен өмірдің маңызды сәттерін жіберіп алғанына қапа болады екен. Мәселен, бұрын білдей бір мекеменің бас директоры болған кісі өмір бойы қаржысын еш жұмсамастан жинап келіп, зейнетке шыққаннан кейін үш ай өткенде сол ақшаның еш қызығын көріп үлгерместен көз жұмған.
Хоспистегі науқастар сондай-ақ жаңбырдың иісі, құстардың сайраған үні сияқты тегін, бірақ өмірді ерекше ететін қарапайым сәттердің жетпей қалатынын жиі айтатын көрінеді.
Сонымен қатар қарт адамдар шыншыл болудан қорыққанына, сүйіктісіне жеткілікті көңіл бөлмегеніне және жаңа нәрселерді байқап көруге батылы жетпегеніне өкінетіндерін жеткізген.
Оқи отырыңыз: Балаларға екі данадан артық бермеңіз: мандаринді көп тұтыну неліктен қауіпті