Баланың қолы мен омыртқасы зақымданған
Қытайда үш жасар бала 18-қабаттан құлап, тірі қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
South China Morning Post басылымының жазуынша, оқиға кезінде бала ата-әжесінің қарауында болған. Олар немересі ұйықтап жатқан сәтте есікті сыртынан жауып, азық-түлік алуға шығып кеткен. Сол сәтте оянған бала жуынатын бөлмеге өтіп, унитаздың үстіне шығып, ашық терезеден құлап кеткен.
Баланың әкесінің айтуынша, 17-қабаттағы ашық тұрған терезеге соғылуы баланың тура жерге құламай, ағаштың үстіне түсуіне себеп болған.
«Егер ағаш болмағанда, балам бетонға құлар еді», - дейді әкесі.
Сонша биіктен құлағанына қарамастан, бала есін жоғалтпаған. Дәрігерлер оның қолы сынғанын, омыртқасы зақымданып, ішкі ағзалары жарақаттанғанын анықтады. Дегенмен басына еш зақым келмепті.
Баланың ата-анасы перзентінің аман қалуына сеп болған ағашты Қытай мәдениетіндегі құрмет пен мерекенің белгісі ретінде дәстүрлі қызыл гүлмен безендірген.
Оқи отырыңыз: Қытай астанасында су тасқынынан қаза тапқандар саны 44-ке жетті