Қытайдағы көшкін: 2 адам қаза тапты, 5 адам әлі іздестіріліп жатыр

07.08.2025 12:59

Бейсенбі күні таңғы 9:00-ге дейін олардың 9-ы құтқарылды

Galen Crout/ unsplash.com/

Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында орналасқан Гуанчжоу қаласының Байюнь ауданында сәрсенбі күні нөсер жаңбыр салдарынан көшкін жүріп, 14 адам үйінді астында қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бейсенбі күні таңғы 9:00-ге дейін олардың 9-ы құтқарылды.

Құтқарылғандардың екеуі көз жұмып, жетеуі түрлі деңгейде жарақат алғаны белгілі болды.

Қалған бес адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске салсақ, Гуандун провинциясында жауған нөсер жауын автокөлік жолдарындағы қозғалысты қиындатып, су тасқыны қаупін күшейткенін жазғанбыз.

Провинцияның көлік департаментінің мәліметінше, қатты жауын салдарынан үш учаскеде жылдамдықты автомагистраль, алты учаскеде республикалық және провинциялық маңызы бар тасжол, сондай-ақ 25 ауылға апарар жолы жабық тұр.

Сонымен қоса Қытайдың Іле қазақ автономиялық облысына қарасты Моңғолкүре ауданында аспалы көпір үзіліп, 5 адам қаза болғаны анықталды.

Оқи отырыңыз: Қытайдың Цинхай провинциясы Алматының туристік тәжірибесіне қызығушылық танытты