Марк Цукерберг Ирландиядағы 200 жылдық қамалдың иесі атанды

24.08.2026 11:00
Depositphotos

Meta корпорациясының басшысы Марк Цукерберг қызметкерлеріне бұрынғыдан да жақындай түспек. BILD басылымы әзіл-оспақпен жазғандай, ол Ирландиядан шамамен 200 жылдық тарихы бар қамал сатып алған. Бұл резиденция компанияның Дублиндегі еуропалық штаб-пәтерінен шамамен 200 шақырым қашықтықта орналасқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Bild-қа сілтеме жасап.

Әңгіме Уотерфорд графтығындағы Блэкуотер өзенінің жағасында орналасқан Странкалли қамалы туралы болып отыр. Үш қабатты ғимараттың жалпы аумағы шамамен 1500 шаршы метрді құрайды. Қамалға тиесілі 178 гектар жер телімінде орман, бақтар және қайық айлағы бар. Тарихи нысан 1825–1835 жылдар аралығында салынған.

Facebook-тің негізін қалаушы миллиардер Марк Цукерберг пен оның жұбайы Присцилла Чан бұл жылжымайтын мүлік үшін қанша қаржы төлегені әзірге белгісіз. Сатып алу туралы алғаш болып хабарлаған The Irish Times басылымының мәліметінше, мәміле құны 20–30 миллион еуро аралығында болуы мүмкін. Алайда бұл бағаға қатысты ресми растау жарияланған жоқ. Журналистердің жазуынша, қамалды Лондондағы жеке инвестициялық компаниясының тең құрылтайшысы Майкл Ален-Бакли сатқан.

Хабарларға қарағанда, Цукерберг пен оның жұбайы Ирландиядан баспана іздеумен біраз уақыттан бері айналысқан. Business Insider басылымына берген түсініктемесінде Цукербергтің баспасөз хатшысы Брайан Бейкер:

«Марк пен оның отбасы осы тарихи үйдің күтімін жалғастырып, Meta компаниясының халықаралық штаб-пәтері орналасқан Ирландияда көбірек уақыт өткізетініне қуанышты», – деді.

Қазіргі таңда Meta компаниясының Дублин мен Корк қалаларында шамамен 1500 қызметкері жұмыс істейді. Сонымен қатар компанияның Клони қаласында деректерді өңдеу орталығы бар.

Айта кетейік, биыл наурыз айында Марк Цукерберг АҚШ-та да жаңа жылжымайтын мүлік сатып алған болатын. Ол Флорида штатындағы Майами маңындағы Indian Creek Island жеке аралынан 170 миллион долларға бағаланған алып резиденция иеленді. Бұл аралды көпшілік «Billionaire Bunker» («Миллиардерлер бункері») деп атайды.

Толық көрсету