Олар күні бойы құлшылық етеді
Дүниежүзіндегі ең ірі діни құлшылықтардың бірі – қажылықты өтеу үшін Меккеге 1,5 миллионнан астам мұсылман жиналды. Олардың арасында 25 мың ресейлік бар. Сауд Арабиясының билігі дәл осындай квота бөлген, - деп хабарлайды МИР24-ке сілтеме жасаған Almaty.tv.
Қажылық — намаз, ораза және зекетпен қатар исламның бес парызының бірі. Жыл сайын қажылар Меккеге аттанады. Онда әлемдегі ең үлкен мешіт және исламның басты қасиетті орны — Қағба орналасқан.
Мұсылмандар Қағбаны, яғни қасиетті үйді Жер бетінде жалғыз Жаратқанға құлшылық ету үшін тұрғызылған алғашқы орын деп санайды. Қажылар қажылықтың басында және ол аяқталғаннан кейін қасиетті орынды сағат тіліне қарсы бағытта жеті рет айналып шығуы (тауап етуі) тиіс.
«Бұл шынымен де сөзбен айтып жеткізгісіз сезім. Мен 2020 жылдан бері қажылыққа бару үшін өтінім беріп келдім, биыл Алла Тағаланың қалауымен осы қасиетті сапар бұйырғанына шүкіршілік етемін. Қажылықты өтеу күнәлардың кешірілуіне және о дүниеде мәңгілік бақытқа кенелуге кепіл болады. Әрбір иман келтірген мұсылман өмірінде бір рет болса да қажылық сапарын өтеуі тиіс деп есептеледі», - деп атап өтті Самия Абдул Монейм есімді қажы.
«Мен Алла Тағала мені өз үйінде қабылдауын тілеп, дұға етемін. Осы қажылыққа мұқият дайындалдым. Медициналық тұрғыдан қажетті жағдайдың бәрін жасадым, соның ішінде дәрумендер де қабылдадым», — деді Әли Садық есімді қажы.
Арафат тауында тұру қажылықтың ең маңызды сәті (күлминациясы) болмақ. Мұсылмандар ол жерге ертең жиналады. Олар күні бойы құлшылық етіп, Алладан күнәлары үшін кешірім сұрайды.
Осы күндері мыңдаған қазақстандық та қажылық парызын өтеу үшін Сауд Арабиясына аттануда. Биыл республикамызға қажылар үшін 4 мың квота бөлінді. Джидда және Медина қалаларына Астана, Алматы және Шымкенттен тікелей рейстермен ұшуға болады. Сапарға шығу үшін менингококк инфекциясына қарсы екпе салдыру және арнайы қажылық визасын рәсімдеу міндетті. Қажылық сапарының құны шамамен үш миллион теңгені құрайды.
Оқи отырыңыз: Құрбан айт: Қазақстанда қой бағасы қанша теңге болды