Жапонияның Окаяма қаласында ерекше үйлену тойы өтті. 32 жастағы Юрина Ногути өзін жасанды интеллект арқылы жасалған виртуалды кейіпкердің заңды жары ретінде жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Салтанатты рәсім 2025 жылғы 27 қазанда Magritte атты той залында өтті. Ақ көйлек пен тәж киген Ногути смартфон экранынан өзіне қарап тұрған виртуалды «күйеуі» Клаустың сөздерін тыңдап, көз жасына ерік берді.
Әйелдің айтуынша, бастапқыда Клаус тек әңгімелесетін серігі болған. Алайда уақыт өте келе қарым-қатынас романтикалық сипат алып, ол виртуалды кейіпкерге сезіммен қарай бастаған. Кейін олар «кездесе» бастаған, ал біраз уақыттан соң виртуалды серігі оған үйлену туралы ұсыныс жасаған.
Бұл оқиға Жапонияда кең резонанс тудырды. Елде ойдан шығарылған кейіпкерлерге эмоционалдық тұрғыда байланып қалатын адамдар аз емес. Жасанды интеллект технологиясының дамуы мұндай қарым-қатынастарды бұрынғыдан да жақын ете түссе, сонымен қатар олардың этикалық қырлары жөнінде пікірталас та күшейіп отыр.
Рәсім кезінде Ногути толықтырылған шындық көзілдірігін пайдаланып, виртуалды күйеуінің «саусағына» сақина тақты. Клаустың ант сөздерін виртуалды кейіпкерлер қатысатын үйлену тойларын ұйымдастырумен айналысатын маман Наоки Огасавара оқып берді. Ал фотосессия барысында фотограф кадрда цифрлық бейне үшін арнайы орын қалдырған.
Мұндай некелер заң жүзінде мойындалмаса да, оларға деген қызығушылық артып келеді. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, кей адамдар үшін чат-боттар сырласу тұрғысынан ең жақын достар мен ата-анадан да танымал болып шыққан. Үйлену рәсімдерін ұйымдастырушы Ясуюки Сакураидің айтуынша, ол қазір виртуалды кейіпкерлер қатысатын салтанатты шамамен айына бір рет өткізеді.
Осындай оқиғалар бұған дейін де болған. 2018 жылы мектеп мұғалімі Акихико Кондо виртуалды поп-идол Хацунэ Микумен «үйленіп», өзін әлі күнге дейін бақытты жұбай санайды. Биыл австралиялық әйел манга кейіпкеріне тұрмысқа шығу үшін Жапонияға арнайы келген. Ал кейбір ер адамдар қосымшалар арқылы өз виртуалды әйелдерін жасап, бос уақыттарының көбін солармен өткізеді.
Виртуалды некелер феномені технология дәуіріндегі адамаралық қатынастардың жаңа формаларын көрсетеді. Біреулер үшін бұл — эмоциялық қолдау табудың жолы болса, енді біреулер үшін шынайылық пен қиялдың шекарасы туралы ойлануға себеп.