Халықаралық астероид күні неліктен бүкіл әлемде атап өтіледі

30.06.2026 11:37

Depositphotos.com

Бүгін бүкіл әлемде ерекше ғарыштық дата — Халықаралық астероид күні (Asteroid Day) атап өтілуде. Бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2016 жылғы 6 желтоқсандағы арнайы резолюциясымен бекітілген. Мерекенің басты мақсаты — жұртшылықтың астероидтармен соқтығысу қаупі туралы хабардарлығын арттыру және ғарыштан келетін қатерлерден планетаны қорғау шараларын жаһандық деңгейде талқылау, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Тұңғыс апаты және Queen тобы гитарисінің бастамасы

Бұл халықаралық датаның 30 маусымға белгіленуі кездейсоқ емес. Дәл осы күні 1908 жылы Сібір аспанында атақты «Тұңғыс феномені» орын алды. Жермен соқтығысқан Тұңғыс метеориті сутегі бомбасының қуатымен тең алапат жарылыс тудырып, 2000 шаршы шақырым аумақтағы орманды жайпап кетті. Ғалымдар мен энтузиастар бұл жұмбақ оқиғаның себебін әлі күнге дейін зерттеп келеді.

Ал бұл күнді күнтізбеге енгізу идеясы Ғарышты зерттеушілер қауымдастығына тиесілі. Ең қызығы, бұл мерекенің негізгі идеологтары — танымал рок-музыкант, аты аңызға айналған «Queen» тобының гитарисі әрі астрофизик Брайан Мэй мен кинорежиссер Григ Рихтерс. Олардың серіктестігі Лондонға алып астероидтың құлауы туралы апат-фильмнен басталып, кейін планетаны қорғауға бағытталған жаһандық қозғалысқа ұласты.

Астероид деген не және ол қаншалықты қауіпті?

Астероид — Күн жүйесіндегі Күнді айнала қозғалатын, атмосферасы жоқ, пішіні бұрыс және көлемі жағынан планеталардан әлдеқайда кіші аспан денесі. 2006 жылға дейін оларды «кіші планеталар» деп те атап келді.

Ғалымдардың болжамы бойынша, Күн жүйесінде көлемі 1 шақырымнан асатын 1,1 миллионнан 1,9 миллионға дейін астероид болуы мүмкін. Олардың ең көп шоғырланған жері — Марс пен Юпитер орбиталарының арасындағы белдеу. Бүгінгі таңда Церера, Веста және Паллада ең ірі астероидтар болып саналады (оның ішінде Церераға ернеуі ержетит планета мәртебесі берілген). НАСА (NASA) орталығының соңғы мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта Жерге қауіпті қашықтыққа жақындай алатын 32 мыңнан астам ғарыш нысаны анықталған.

«Жердің көлемі астероидтардан әлдеқайда үлкен болғанымен, бұл аспан денелері планета үшін зор қауіп төндіреді. Көлемі 3 шақырымнан асатын астероидтың Жерге құлауы адамзат цивилизациясының толық жойылуына әкеп соғуы мүмкін», — дейді мамандар.

Ғаламдық қорғаныс және 2029 жылғы бірегей құбылыс

Қауіптің алдын алу үшін БҰҰ Комитетінің қолдауымен Халықаралық астероидтар туралы ескерту желісі (МСОА) және Ғарыш миссияларын жоспарлау жөніндегі консультативтік топ (КГПКМ) жұмыс істейді. Бұл ұйымдар әлемдік ғарыш агенттіктерінің басын қосып, қауіпті нысандардың траекториясын өзгерту технологияларын әзірлеумен айналысады.

Астрономдардың мәлімдеуінше, 2029 жылғы 13 сәуірде «99942 Апофис» деп аталатын алып астероид Жер бетіне өте жақын, небары 32 мың шақырым қашықтықтан өтеді. Ол планетамызға ешқандай қауіп төндірмейді, бірақ мыңжылдықта бір рет болатын бұл сирек құбылысты Жер бетіндегі миллиардтаған адам қарапайым көзбен тамашалай алады. Осыған байланысты БҰҰ Бас Ассамблеясы 2029 жылды Халықаралық астероидтар туралы ақпараттандыру және планеталық қорғаныс жылы деп жариялады.

Астероид күніне орай көптеген елдерде ғылыми шаралар өтіп жатыр, ал танымал «Discovery Science» телеарнасы осы тақырыпқа арналған арнайы ғарыштық бағдарламалар топтамасын ұсынуда.