Нигерияда қайық аударылып, 26 адам қаза тапты

22.11.2026 12:56

24 жолаушының аман қалғанын хабарланды

Көрнекі фото: Depositphotos.com

Нигерияның оңтүстігіндегі Байэлса штатында жолаушылар мінген қайық суға батып, 26 адам қаза тапты. Оқиға кезінде бірнеше адам аман қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Vanguard басылымының жергілікті билік өкілдеріне сілтеме жасап хабарлауынша, ағаштан жасалған жолаушылар қайығы жерлеу рәсіміне бара жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, қайықтың шамадан тыс жүктелуі және қозғалыс кезінде техникалық ақаудың туындауы апатқа себеп болған.

Алғашында полиция төрт адамның мәйіті табылғанын, 24 жолаушының аман қалғанын хабарлаған. Алайда сенбі күні кешке қарай теңіз полициясы мен сүңгуірлер тағы 22 адамның денесін тапқан. Осылайша, қаза тапқандар саны 26-ға жетті.

Апаттан аман қалғандардың 19-ына медициналық көмек көрсетіліп, бесеуі ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ кемені басқаруға жауапты адам тергеу амалдары үшін ұсталған. Ал қайық жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен.

Басылым дерегінше, жолаушыларға құтқару кеудешелері берілмеген. Сонымен қатар қайықтың әбден ескіргені және пайдалануға жарамсыз болғаны айтылған. Іздестіру-құтқару жұмыстары жексенбі күні де жалғасатыны хабарланды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда өрт сөндіру техникасының тұрғын үйлерге жақындау талабы өзгеріп жатыр

Толық көрсету