Содырлар мектепке шабуыл жасап, 300-ден астам баланы ұрлап әкеткен

22.11.2025 16:55

Оқиға көрші штаттағы 25 оқушының ұрлануы оқиғасынан кейін төрт күннен соң болып отыр

Depositphotos.com

Нигерияда содырлар мектепке қарулы шабуыл жасап, 300-ден астам балын ұрлап әкеткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Associated Press хабарлауынша, бастапқыда тараған ақпаратта 215 оқушы ұрланды делінгенмен, кейіннен Христиан қауымдастығының (CAN) Нигер штатындағы филиалы сенбі күні жариялаған мәліметке сәйкес, қарулы топ барлығы 303 оқушы мен 12 мұғалімді алып кеткен.

Аталған ұйымның Нигер штатындағы төрағасы Булус Даува Йоханна мектепке жұма күні барып, нақты тексеріс жүргізілгеннен кейін көрсеткіштің өзгергенін айтты. Оның айтуынша, артынша 88 студент қашуға әрекет жасамақ болғанда ұсталып қалған, олардың жасы 10 бен 18 жас аралығында болған. Ұрланғандар арасында ұлдар да, қыздар да бар.

Қарақшылар Папири атты шалғай ауылдағы мектепке шабуыл жасаған. Бұл оқиға көрші Кебби штатындағы Мага қаласында тағы 25 оқушының ұрлануы оқиғасынан кейін төрт күннен соң болып отыр. Екі елдімекен арасы шамамен 170 шақырым.

Қазіргі уақытқа дейін ешбір топ аталған адам ұрлау оқиғасына қатысты жауапкершілікті мойнына алған жоқ. Билік балаларды құтқару үшін тактикалық бөлімшелер мен жергілікті аңшыларды жұмылдырғанын хабарлады.

Йоханна Нигер штаты үкіметінің «мектеп оқу процесін қайта бастады» деген мәлімдемесін жоққа шығарды. Оның айтуынша, қауіпсіздікке байланысты дәл осы аймақтағы мектептерге уақытша жабылу туралы нұсқау берілген.

Соңғы жылдары Нигерияда мектеп оқушыларын жаппай ұрлау оқиғалары жиілеп, елдегі қауіпсіздік дағдарысының символына айналды. Қарулы топтар мектептерді «көбірек назар аударту үшін стратегиялық нысан» ретінде қарастыратыны жиі айтылады.

ЮНИСЕФ мәліметінше, өткен жылы қақтығыс әсер еткен 10 штаттағы мектептердің тек 37%-ында ғана қауіпсіздік жүйелері орнатылған.

Оқи отырыңыз: Үндістанда жөтел шәрбатын ішкен 20-дан астам бала қайтыс болды