Оңтүстік Корея президенті ұсталып, АҚШ-та өрттен 25 адам қаза тапты - шетел жаңалықтары

15.01.2025 15:23

Юн Сок Ёль қамауға алынбас бұрын бейнеүндеу жариялады

Коллаж: Аlmaty.tv. Фото: Apu Gomes / Getty Images, A.PAES/Legion Media

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль қамауға алынды. Ресми деректерге сүйенсек, күні кеше тергеушілер ел басшысын тұтқындау үшін резиденцияға келген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ұзақ қарсылықтан кейін Юн Сок Ёль ұсталып, сыбайлас жемқорлықты тергеу бюросына жеткізілді. Қамауға алынбас бұрын ол бейнеүндеу қалдырып, оған жасалған әрекеттердің заңға қайшы екенін, ел тыныштығы үшін полицияға өзі берілгенін мәлім етті. 

"Мен ел ішінде қантөгістің болғанын қаламаймын, оның алдын алу үшін өзім берілемін. Маған қарсы әрекеттер заңсыз болғанымен, тергеуді қабылдаймын, бірақ мойындай алмаймын", - деді Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Ёль.

Еске сала кетсек, желтоқсанда Юн Сок Ёль елде әскери жағдай енгізуге тырысқан еді. Алайда бұл әрекетін парламент құптамай, оған бүлік жасамақ болды деген айып тағып, импичмент жариялады.  

Ал АҚШ-тың Калифорния штатының оңтүстігінде өршіген өрт салдарынан кемінде 25 адам қаза тапты, 13 жан хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында.

Пасифик-Палисейдс ауданында 14 адам қамауға алынды. Оның үшеуі - өрт қою күдігіне ілінгендер. Қазір Лос-Анджелес билігі қызыл жалынмен күреске бар күштерін салып жатқандарын мәлімдеді.  

"Қазір су мәселесі жақсарды. Желдің де басылғаны байқалады. Өрттің тез тарауының да себебі - желдің күшеюі еді. Бірақ біз әуеден су шашып, өрттің жайылуын тоқтатуға тырысып жатырмыз", - деді Лос-Анджелес мэрі Карен Басс.

Оқи отырыңыз: Некеге тұрған жастарға пайызсыз несие беріледі