Сахара шөлін жартылай су басып қалды

10.10.2024 21:29

Ауа райының тосын құбылысынан 20 адам қаза тапты

© AP

Толассыз жауған жаңбыр салдарынан Сахара шөлін жартылай су басып қалды, соның салдарынан 20-дан астам адам қаза тапты деп хабарлайды Аlmaty.tv.

The Independent басылымының жазуынша, Марокко үкіметі екі күн толассыз жауған жаңбыр мөлшері елдің оңтүстік-шығысындағы бірнеше ауданда жылдық орташа деңгейден асып кеткенін мәлімдеді.

Шөлді аумақты басып қалған су салдарынан Марокко мен Алжирде 20-дан астам адам көз жұмып, фермерлердің егініне зақым келген, осылайша үкімет тосыннан келген төтенше жағдайға қаржы бөлуге мәжбүр болған.

«Осыншама жауын-шашын соңғы рет 30-50 жыл бұрын жауған болатын», - деді Марокконың метеорология басқармасының өкілі Хоуссин Юабеб.

Бүгінде шөлде өскен пальмалар мен құм төбелерінің арасынан көкпеңбек болып жатқан көлшіктерді байқауға болады.   

Туристер жиі баратын жерлерде жол талғамайтын көліктер әжептәуір аумақты басып қалған суды кесіп өтуге мәжбүр.

Метеорологтардың айтуынша, мұндай жаңбыр алдағы айларда аймақтың ауа райы бағытына ықпал етуі мүмкін, өйткені ауа ылғалдылығы артып, булану салдарынан көбірек дауыл тұруы ықтимал.

Алты жыл қатарынан Марокконың көп бөлігін жайлаған құрғақшылық фермерлерді егіс алқабын тастап кетуге мәжбүрлесе, елдімекендер суды жаппай үнемдеуге көшкен болатын. Ал қазіргі толассыз жауған жаңбыр үлкен су қоймаларын толтыруға көмектесуі мүмкін.

NASA спутниктері көрсеткендей, 50 жылдан бері құрғап қалған Ирики көліне қарай су аға бастаған.

Оқи отырыңыз: «Милтон» дауылы Флоридаға жетті