Олар бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған
Атақты британдық The Beatles тобының сирек фотосуреттері Токиодағы «Ниппон Будокан» концерттік-спорттық залының архивінен табылды. Әртістер бұл залда 1966 жылы өнер көрсеткен екен, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Зал әкімшілігінің хабарлауынша, барлығы 102 ақ-қара түсті кескін табылған, бұл суреттер бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған.
Фотоларда сол жылғы концерттің фрагменттері мен оның дайындық барысы бейнеленген. Мәселен, бір суретте Джон Леннон дәстүрлі жапон қуыршағы «Фукускэ»-ге күлімсіреп қарап тұр; Жапониялықтардың наным-сенімі бойынша, бұл қуыршақ адамдарға бақыт пен сәттілік әкеледі деп саналады. Кейін осы қуыршақтың бейнесі The Beatles тобының 1967 жылы шыққан атақты Sgt. Pepper's Lonely Hearts Club Band альбомының мұқабасының элементі ретінде қолданылған.
Айта кететіні, британдық топ 1966 жылғы 30 маусымнан 2 шілдеге дейін Жапонияда гастрольде болған. Алайда, олар «Ниппон Будокан» залында тек бір концерт өткізген. Бұл залда бұған дейін тек жапондық жекпе-жек жарыстары ұйымдастырылып тұрған.
2009 жылы да аталмыш ғимаратта осы гастрольдермен байланысты бұрын жарық көрмеген 19 фотосурет табылған еді.
Оқи отырыңыз: Қытайда иттер мен мысықтарға арналған арнайы телеарна ашылды