Ел билігі сенбіні Аза тұту күні деп жариялады
Сербияның Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалында шатырдың бетон қалқасы құлап, 14 адам қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BBC NEWS-ке сілтеме жасап.
"Қайғылы жағдайдан 14 адам қайтыс болды, бұл соңғы сан деп үміттенеміз. Қаза тапқандардың ішінен бес адамның жеке тұлғасын анықтай алмадық", - деп мәлімдеді ел президенті Александр Вучич қайғылы оқиғадан бірнеше сағат өткен соң.
Сербия билігі сенбіні Аза тұту күні деп жариялады.
Шатырдың бетоннан жасалған қалқасы 1 қарашада, жергілікті уақыт бойынша түске таман вокзал сыртындағы орындықтарда отырған адамдардың үстіне опырылып құлап түскен.
"Екі зардап шегуші ауруханаға жеткізілді, олардың бірінің аяғын кесуге тура келді. Үйінділер астында тағы екі адам қалды, олардың арасында бір қыз бала бар. Зардап шеккендер саны әлі де өсуі мүмкін", - деді елдің Ішкі істер министрі.
Іздеу-құтқару жұмыстарына барлығы 80 адам мен ауыр техника қатысып жатыр.
Вокзал ғимараты 2021 жылы қайта жөндеуден өткен. Алайда жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, "Железнице Србије" теміржол компаниясы вокзалмен бірге 1964 жылы салынған шатырды жаңартпаған.
Осыған байланысты премьер-министр Милош Вучевич шатырды қалыпты жағдайда ұстауға тиіс жауаптылардың бәрі жауапқа тартылатынын айтты. Премьер-министр қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, құтқару операциясына қатысушыларға алғысын білдірді.
Аударған: Мира Байбек
Оқи отырыңыз: Аза тұту күні жарияланды: Испанияда су тасқынынан 72 адам қаза тапты