Табиғи апат: АҚШ-та 60 миллионнан астам тұрғынына дауыл жайлы ескерту жасалды

08.01.2025 14:59

Тибетте 126 адам қаза тауып, 188 адам жарақат алды

Almaty.tv

Төрткүл дүниенің жер-жерінде табиғи апат болып жатыр. Тибеттегі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 126-ға жетіп, мыңдаған адам баспанасыз қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Америка Құрама Штаттарының орталық және солтүстік-шығыс аймақтары қар құрсауында қалып, көшелерді боран басып қалды. Қазір 30 штаттың 60 миллионнан астам тұрғынына дауыл жайлы ескерту жасалды. Жергілікті метеорология мамандарының болжауынша, қолайсыз ауа райы апта соңына дейін жалғасуы мүмкін. Соңғы деректер бойынша, дүлей боранның салдарынан кем дегенде 5 адам қаза тауып, 10-нан аса адам жарақат алды.

"Боран бәрімізді әбігерге салып жатыр. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Әлі бірнеше күн қолайсыз ауру райы сақталады деп күтілуде", – деді Канзас қаласының мэрі Куинтон Лукас.

Ал елдің оңтүстік-батысында, Тынық мұхиты жағалауында орналасқан Лос-Анджелестің Пасифик-Палисейдс аймағында орман өрті өршіді. Санта-Моника мен Малибу арасындағы аймақта қызыл жалын 1 мың 182 гектарды жалмап, қауіпті өңірден шамамен 30 мың адам эвакуацияланды. Жергілікті жерде төтенше жағдай жариялады.

Ал Тибеттің Тингри уезінде магнитудасы 6,8 болатын жойқын жер сілкінісі тіркелді. Табиғи апат салдарынан 126 адам қаза тауып, 188 адам жарақат алды. Сонымен қатар 3 жарым мыңнан астам үй қираған. Зілзала ошағы Шигадзе қаласынан 163 шақырым жерде орналасқан. Қазір құтқару жұмыстарына 1 жарым мыңнан астам маман жұмылдырылды.

"Құтқарушылар қауіпті аймақта дронның көмегімен үйінді астында қалған адамдарды іздеп жатыр. 1000-нан аса адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Жұрт қорқып қалған", – деді журналист Бхадра Шарма.

Ал қасиетті Мекке, Мәдина және Жидда қалаларында бірнеше күн жауған нөсер жауын көшелерді басып қалды. Сауд Арабиясының метеорологиялық қызметі Мекке аймағында қауіптің қызыл деңгейін жариялады.

Естеріңізге салайық, мұндай тасқын 2009 жылы Жиддада болған еді, ол кезде топан су 100-ден астам адамның өмірі қиған.

Әйкерім Пернебек, Рамазан Өмен

Оқи отырыңыз: Елімізде қай облыстарда жол жабылды