Қазір сәби жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр
Үндістанның ең халқы көп Уттар-Прадеш штатында туғанына небәрі 20 күн ғана болған қыз бала тірідей көмілген жерінен табылды. Қазір сәби өмір үшін күресіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.
BBC жазуынша, бұл туралы Шахжанпур ауданындағы мемлекеттік медициналық колледж ауруханасының дәрігерлері хабарлаған.
Нәрестені малын айдап жүрген қойшы кездейсоқ тауып алған. Ол топырақ астынан әлсіз шыққан жылаған дауысты естіп, жақындап барғанда лайдан шығып тұрған кішкентай қолды байқапты. Кейін ауыл тұрғындары мен полиция шақырылып, сәбиді қазып алып шыққан.
Ауруханаға жеткізілгенде қыз баланың аузы мен мұрнына топырақ кіріп, тынысы тарылған, денесін жәндіктер шағып, жануарлар жарақаттаған. Дәрігерлердің айтуынша, алғашқы сәтте нәресте өте ауыр халде болған.
«Ол гипоксия белгілерін көрсетті, яғни ағзасында оттегі жетіспеді. Бір тәуліктен кейін жағдайында аздаған жақсару байқалды, бірақ артынша инфекция асқынып, хәлі қайта нашарлады», – деді дәрігер.
Қазір сәби жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер, соның ішінде пластикалық хирург та бар, инфекцияны тоқтатуға күш салып отыр.
«Жағдайы ауыр, бірақ біз қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз», – деді дәрігерлер.
Полиция әзірге баланың ата-анасын анықтай алмай отыр. Штаттағы балаларға көмек қызметіне де ақпарат берілген.
Бұл – Үндістанда қыз балалардың өміріне қастандық жасалған алғашқы оқиға емес. 2019 жылы да осы елде мерзімінен бұрын туған қыз бала саз балшық құмырасына салынып, тірідей көмілген жерінен табылған. Ол бірнеше апта ем қабылдап, аман қалған еді.
Мамандар мұндай жағдайлардың себебін Үндістанда ұл балаға деген дәстүрлі артықшылықпен байланыстырады. Елде қыз балаларды қажетсіз деп санау, оларды қаржылық салмақ ретінде көру әлі де кең таралған. Соның салдарынан елдегі жыныстық қатынас көрсеткіші теңсіз қалып отыр.
Қоғамдық ұйымдар жылдар бойы қыз балалардың жаппай түсік жасату немесе туғаннан кейін өлтірілуі Үндістандағы ең күрделі әлеуметтік мәселелердің бірі болып қала беретінін айтады.
Оқи отырыңыз: Марокко алғашқы «шыбын фабрикасын» ашты