Үндістанда ауруханадан шыққан өрттен 10 нәресте қайтыс болды

16.11.2024 17:21

Тағы 16 шақалақтың жағдайы ауыр екені айтылды

Reuters

Үндістанның Уттар-Прадеш штатының Джанси қаласындағы аурухананың жаңа туған нәрестелер бөлімінен өрт шығып, кемінде 10 шақалақ өрттен қайтыс болды. Тағы 16 нәрестенің жағдайы ауыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

DW басылымының жазуынша, қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған жергілікті билік өрттің сенбіге қараған түні Джханси қаласындағы Махарани Лакшми Бай медициналық колледжінің жаңа туған нәрестелерді қарқынды емдеу бөлімінен шыққанын хабарлады.

"Жеті мәйіттің кім екені анықталды. Үш мәйіттің аты-жөні әлі анықталған жоқ", - деді штаттың бас министрінің орынбасары Бражеш Патхак.

Үндістандық Times Now басылымы "тағы 16 нәрестенің жағдайы ауыр" деп жазады.

NDTV телеарнасының хабарлауынша, өрт шыққан кезде жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінде 54 сәби болған.

AFP агенттігінен айтылғандай, Үндістанда құрылыс тәжірибесінің нашарлығынан, адамдардың шектен тыс көбейіп кетуінен және қауіпсіздік ережелерінің нашарлығынан өрт жиі бола бастаған.

Жергілікті әкімшілік қызметкері Авинаш Кумар өрттің шығуына себептердің бірі қысқа тұйықталу болғанын айтты.

"Біз өрттің шығу себебін анықтау үшін комиссия құрдық", - деді билік өкілдері.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди оқиғаны «жүректі ауыртатын қайғылы оқиға» деп атады.

"Періште сәбиінен айырылған ата-аналарға қайғырып көңіл айтамын. Оларға осы ауыр қайғыны көтерер күш-қуат берсін деп дұға етемін", - деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Уттар-Прадеш штатының бас министрі Йоги Адитьянат қаза тапқандардың отбасыларына 500 000 рупий (5 595 еуро) өтемақы төлейтінін мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Испанияда қарттар үйі өртеніп, 10 адам қаза тапты