Үш адамды өлтірген: 37 жастағы еркек біреуінің мәйітін бөлшектеп, тоңазытқышқа жасырған

24.07.2025 09:13

Қазір күдікті қамауға алынып, оны Германияға экстрадициялау мәселесі қарастырылуда

Jason Leung/unsplash.com/

Германияның Бавария аймағындағы Цвизель қаласында үш адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.

Оқиға күдіктінің өзі полицияға келіп, жасаған қылмысын мойындағаннан кейін әшкере болған.

37 жастағы Словакия азаматы Аустрияның Линц қаласындағы полиция бөлімшесіне келіп, үш адамды өлтіргенін айтқан. Ол көпқабатты тұрғын үйде бірге тұрған адамдарды өлтіргенін мәлімдеп, «жерге жатып алып, жылаған» күйде куәлік берген.

Бавария полициясының хабарлауынша, күдікті көрсеткен мекенжайға барған құқық қорғау қызметкерлері үш адамның мәйітін тапқан.

BILD басылымының дерегінше, бір әйелдің денесі бөлшектеніп, тоңазытқышқа жасырылған. Қаза тапқандардың арасында – 22 жастағы әйел мен 56 жастағы ер адам бар. Екеуі де Германия азаматтары. Үшінші адамның кім екені әзірге белгісіз, алайда ол да әйел болуы мүмкін.

Қазір күдікті қамауға алынып, оны Германияға экстрадициялау мәселесі қарастырылуда. Қылмыстың нақты себептері, қолданылған қару және оқиғаның қалай өрбігені әлі анықталған жоқ.

Журналистерге сұхбат берген көршілердің айтуынша, күдікті тұрған үй «проблемалық үй» ретінде белгілі болған. Онда жиі төбелес шығып, полиция шақыртылатын. Үйде барлығы шамамен 10 адам тұрған.

Оқи отырыңыз: Павлодарда полиция заңсыз автожарыс ұйымдастырғандарды анықтады