Қазақстандықтар Pfizer вакцинасын ақылы түрде салдыра алады

16.11.2021 23:22

Үкімет бұл ұсынысты қолдады

sharij.net

Қазақстан халқы «Pfizer» вакцинасын ақылы түрде салдыруы мүмкін. Бірақ бұл бастама тек жыл соңына қарай қарай қолға алынуы мүмкін. Бұл туралы еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Бас дәрігердің айтуынша, әзірге бұл мәселе пысықталуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бүгін Үкімет отырысында өте маңызды шешім қабылданды десек болады. Себебі халықтың басым көпшілігі дәл осы Pfizer екпесін алғысы келеді.

Елде америкалық екпені салу басталғалы 5 тәулік ішінде 1313 оқушы мен 247 аяғы ауыр және бала емізетін әйел егіліп үлгеріпті. Бұл туралы мәлімдеген министр Алексей Цой халықтың қалған топтары да осы екпені алғысы келетінін алға тартты. Сондықтан бүгін Үкімет отырысында Pfizer-ді ақылы түрде егу мәселесін көтерді. Одан бөлек, бас дәрігер 20 қарашаға дейін америкалық екпенің екінші партиясы жеткізілетінін айтты. Алайда онымен әзірге тек белгіленген 3 топтағылар егіледі. Ал қалғандарын иммундау үшін Pfizer вакцинациясын қосымша жеткізу мәселесі қарастырылмақ. Бірақ шетелдік екпенің құны қанша болатыны әлі белгісіз.

«Ведомствоаралық комиссияның тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша Үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Енді көпшіліктің қалауына сәйкес, Pfizer вакцинасымен халықты ақылы түрде иммундау үшін коммерциялық нарықта сату мүмкіндігін қолдауыңызды сұраймын», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Сондай-ақ, бас дәрігер Алексей Цой QazVac вакцинасының да америкалық екпеден кем түспейтінін айтып отыр. Тіпті оны шет мемлекеттерге экспорттау жоспарланыпты. Өйткені шетелдіктер отандық вакцинаға қызығушылық танытып, Қазақстандағы егу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын сұрастырып жатыр екен. Алайда басымдық алдымен өз елімізге беріледі дейді министр. Осы ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин Алексей Цойдың Pfizer вакцинасын халыққа ақылы түрде салу ұсынысын қолдады. Енді жыл соңына дейін бұл мәселе шешіліп, қосымша екпені сатып алу және сақтау мәселесі пысықталатын болады. Ал қазір Pfizer-мен вакциналау еліміздің 7 өңірінде жүзеге асып жатыр.

«Pfizer вакцинасы өңірлерге жіберілді. Сонымен қатар адамдардың өздерінің таңдауы бойынша, қажет вакцинаны ақылы түрде алу мүмкіндігі болу үшін вакцинаны нарық сегментіне жеткізу туралы ұсынысты қолдаймын. Вакциналарды тасымалдау кезінде және қоймаларда сақтау режиміне ерекше назар аудару қажет. Осыған орай ақпараттық түсіндіру жұмысын қамтамасыз етуді және ревакцинация қағидаларын сақтауды сұраймын», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.

Оқи отырыңыз: Қазақстан КВИ вакцинасын салу бойынша ТМД елдері ішінде алдыңғы орынға шықты

Айта кетерлігі, тек елордада науқанның бірінші күні 339 адам егілген. Ал 4 тәулік ішінде Алматыда 1130 оқушы иммундалыпты. Екпе алуға ниет білдірген студенттер қарасы да күн санап артып келеді. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, енді балаларға арналған вакциналау құжаты әзірленбек. Сондай-ақ, мүлдем егілмеген оқушылардың құқығын шектеу мәселесі де қарастырылып жатыр екен. Сондықтан белсенділер білім алушыларды көп ойланбай, екпе алуға шақыруда.

«Вакцина алып жатқандар бар. Бірақ біздегі негізгі мәселе – ең біріншіден, әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан фейк-ақпараттарға жастар қатты сеніп қалады. Ғалымдардың пікірінен бұрын, фейк-ақпараттардың көптеп таралуы жастарға кері әсер етуде. Бірақ бүгінде жасалып жатқан түсіндірме жұмыстары оң нәтижие беріп отыр», – дейді «Алматы студенттері альянсы» корпоративтік қорының жетекшісі Жасұлан Қуандық.

Ал елімізде эпидахуал жақсарып келеді. Бүгінде коронавирустың таралуы бәсеңдеген 2 қала мен 8 облыс «жасыл» аймақта тұр. Кеше ғана бұл тізімде болған Атырау облысы бүгін «сары» аймаққа өтті. Бұл ретте коронавирусты жұқтырып, ауру ағымын ауыр өткеріп жатқандардың басым көпшілігі екпе алмағандар екен. Былтыр ақпан айында халықтың 96 пайызы иммундалмағандықтан сырқаттаныпты. Ал екпе салғызған 5 пайызы жеңіл ауырыпты. Осылайша, екпе уақыт өткен сайын өзінің тиімділігі дәлелдеп отыр.   

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы