АҚШ балаларға 5 жастан бастап вакцина салуды қарастырып жатыр
Қытайда коронавирусқа қарсы екпені 3 жастан асқан балаларға сала бастайды. Ел билігі инфекцияның өршуіне басқа саясат ұстана алар емес. Бүгінде Қытай халқының 76% коронавирус вакцинасын толықтай салдырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қытай коронавирусқа қарсы вакцинаны ерте жастан еге бастайтын санаулы елдер қатарына енді. Мәселен, Куба 2 жастан бастап вакциналай бастады. АҚШ пен Еуропаның көптеген елдері COVID-19-ға қарсы вакцинаны 12 жастан асқан балаларға салуға рұқсат берді. АҚШ балаларға 5 жастан бастап вакцина салуды қарастырып жатыр. Қытайдың бес провинциясында жергілікті билік органдары 3-11 жас аралығындағы балаларға вакцина салу керектігін мәлімдеді. Бұл шара Қытайдың кейбір бөлігінде жаңа қатаң шаралар енгізуге байланысты қабыдануда. Экономикасы туризмге тікелей қатысты Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясында барлық туристік нысандар КВИ-дің өршуіне байланысты жабылды. 1,4 миллиард тұрғыны бар елде халықтың 1,07 миллиарды коронавирусқа қарсы вакцина ектірген. Ел үкіметі коронавирустың кең таралатын дельта штамының саяхаттаушылар арасында таралуына алаңдап отыр. Бейжіңдегі 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына шетелдік жанкүйерлер қатыса алмауы мүмкін.
Мәліметтерге сәйкес, Қытайда кеңінен таралған Sinopharm және Sinovac вакциналары вирустың таралуы мен аурудың ауыр түрінің алдын алуына септігін тигізіп отыр. Хубэй, Фуцзянь және Хайнань провинциялары, сондай-ақ Чжэцзян және Хунань провинцияларындағы жекелеген қалалар вакцинацияның жаңа талаптарын жариялады. Маусым айында Қытай екі вакцинаны – Бейжің биологиялық өнімдер институтының Sinopharm және Sinovac вакциналарын 3 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға қолдануға рұқсат берді. Бірақ вакцинация тек 12 жастан асқан балаларға ғана жасалады. Тамыз айында реттеуші органдар Ухань биологиялық өнімдер институты жасаған тағы бір Sinopharm вакцинасын мақұлдады. Қытайдағы балаларға вакциналар мақұлданғаннан кейін, шетелдік үкіметтер өз елдеріндегі балаларға вакцина сала бастады. Камбоджа Sinovac және Sinopharm вакциналарын 6-11 жас аралығындағы балаларға, Чили 6 жастан асқан, Аргентина 3 жастан асқан балаларға егуді бастады. Қытай сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл ел 1,2 млрд вакцина дозасын жіберген.