Вакцина салдыруға мәжбүрлеу – заңсыз әрекет

20.05.2021 16:10

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты

Фото: ашық дереккөзден

Елімізде коронавирусқа қарсы вакцина салдыру әр азаматтың өз еркінде. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерінің бірі мемлекеттік қызметшілерді вакцина салдыруға мәжбүрлеп жатқаны туралы ақпараттың тарағанын айтып, осыған қатысты бірінші вице-министрден мән-жайды түсіндіруін сұраған еді. 

«Екпені өз еркімен келген азаматтарға ғана саламыз. Вакцина алған адамдарға ауруханаға барғанда, ел аумағында сапарлағанда, шетелден елімізге келсе ПТР тест нәтижесі қажет болмайды. Яғни, оларда мұндай шектеулер алынып тастап жатырмыз. Бірақ, бұл қосымша ынталандыру үшін жасалып отыр. Біреулерді күштеп вакцина салдырып жатыр деген ақпаратты рас деп айта алмаймыз. Мұндай жайт орын алса, онда ол заңсыз әрекет саналады», –  деді Марат Шоранов.