Мамандар цифрлық қызмет түрін алу оңай әрі тиімді екенін айтады
Коронавирус вакцинасын алу үшін енді Egov порталы арқылы алдын-ала жазылуға болады. Осылайша кезекке тұрып уақыт өткізбей-ақ, қажетті емханаға барып екпе ала аласыз. Мамандар цифрлық қызмет түрін алу оңай әрі тиімді екенін айтады. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын сайт арқылы тіркелудің жолын көрсетеді.
Ол үшін Egov порталының басты бетінде орналасқан дансаулық сақтау бөліміне өтесіз. Содан соң көрсетілетін қызметтердің арасында вакцинаға жазылу деген батырманы басасыз. Бұл жерде Covid-19-ға қарсы екпені қандай жағдайда алуға болмайтыны туралы нұсқаулық көрсетілген. Егер жасыңыз 18-ге толмаса, жүкті немесе бала емізетін әйел болсаңыз, бойыңызда вакцинаның кез келген компонентіне жоғары сезімталдық байқалса, екпе алуыңызға болмайды. Содан соң онлайн сұрауға өтіп қажетті ақпаратты толтыруыңыз керек.
Келесі қадамда тұрғылықты жеріңіз бен өзіңіз қалаған емхананы таңдайсыз. Бірер минутта ұялы телефоныңызға екпе алатын күн мен уақыты белгіленген хабарлама келіп түседі. Онлайн өтінім тек бір адамның атынан ғана толтырылады. Сайтта қандай да бір техникалық ақау болған жағдайда 1414 және 1406 нөмірі бойынша ақпарат орталығына хабарласа аласыз.
«Egov порталы арқылы тіркелмесе, вакцинаны ала алмайды деген сөз емес. Тұрғындар емханаға барып, кезекке тұрып екпені ала беруіне мүмкіндігі бар. Сайт арқылы алдын-ала жазылудағы негізі мақсат – емханаларда топтасқан адамдардың жиналмауы үшін жасалып отыр», – деді «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы» филиалының директоры Гүлнар Ысқақова.
Вакцина алу үшін белгілі бір емханада тіркелудің немесе Алматыда тұрғылықты мекенжай анықтамасының болуы маңызды емес. Екпе қаладағы барлық емханаларда күн сайын үзіліссіз таңғы 08.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жүргізіледі.
«Егерде мүмкіндігі шектеулі жандар мен өздігінен жүре алмайтын адамдар болса, олар үшін жергілікті емханадан арнайы көлік ұйымдастырылады. Жедел-жәрдем бригадасы оны емханаға әкеліп, вакцина жасалады. Кейіннен 30 минут дәрігерлердің бақылауында болып, жағдайы жақсы болса, көлікпен үйіне дейін жеткізу қарастырылған», – деді «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы» филиалының директоры Гүлнар Ысқақова.
Соңғы тәулікте қала бойынша 1180 адам екпе алды. Осылайша 1 сәуірден бастап жалпы вакцинацияланған адам саны 49 160 болды. Еске салайық, қала аумағында қазір 250 мекен-жай бойынша екпе салу жүргізілуде.
Ұлағат Арғын, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы