Алматыда вакцина алғандардың саны 820 мыңнан асты

19.08.2021 17:58

Қалада 160 пункт жұмыс істеп тұр

фото из открытых источников

Алматыда вакцина алғандардың жалпы саны 820 мыңнан асты. Осылайша мегаполис өңірлер арасынан екпе егу қарқыны бойынша көш бастап тұр. Өткен тәулікте 5 мың 153 қала тұрғыны вакцинаның 1- компонентін салдырса, 6 мың 276 алматылық 2-компонентін алды, деп хабарлайды Almaty.tv

Мейірхан Қадыров қаладағы мейрамхананың бірінде менеджер болып жұмыс істейді. Өзін және өзгені індеттен қорғау жолында екпе алғанын айтады. Мекеме қызметкері баршаны қысыл-таяң сәтте жауапкершілік танытуға шақырды.

«Қазақстандықтарға вакцина алуға кеңес беремін. Өйткені қазіргі таңда неше түрлі вирустар пайда болып жатыр. Сол себепті, ертерек сақтанған дұрыс деп ойлаймын», – деді мекеме қызметкері Мейірхан Қадыров.

Ал, Лиана Сидорова – мейрамхана кәсібін жүргізіп отырған азаматша. Оның сөзінше, індет меңдеп кеткен тұста кіріс болмай, жұмыс алға баспай қалыпты. Ашық жобасы бастау алғалы, карантиндік талаптарды ескере отырып өз кәсібін қалпына келтірген. Алайда, Лиана Сидорова вакцинаны ең алдымен, өз денсаулығым үшін алдым дейді.

«Баршаны екпе алуға шақырамын. Өзімнің отбасым, кішкентай балалардан басқасы вакцина салғызды. Себебі жаппай екпе алсақ қана, ұжымдық иммунитет қалыптасады. Осылайша, қалыпты өмірге оралуға өз септігімізді тигіземіз», – деді мекеме директоры Лиана Сидорова.

Қалалық №13 емхана қызметкерінің айтуынша, тіркелген 30 мың тұрғынның 13 мыңына екпе салынған.

«Осыдан 1-2 ай бұрын шамасында мобильді топқа шақырту саны 30-40 болса, бүгінде 100-ге жетіп жатыр. Бұл дегеніміз, эпидахуал күн сайын асқынып жатыр», – деді қалалық №13 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Төлеби Шынболатов.

Айта кетейік, бүгінде қала бойынша медициналық ұйымдарда, мәдениет және спорт объектілерінде, сауда орталықтарында 160 егу пункті жұмыс істеп жатыр.