Қала тұрғындарын шектеу шараларын сақтауды жалғастыруға шақырды
Алматыда жаппай вакциналау басталғалы бері 296 296 адам коронавирусқа қарсы екпе алды. Мұндай деректі өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында Алматы қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv
Мегаполистің Бас санитар дәрігері жасы егде тартқан үлкендердің вакциналанудың белсенді жақтастары екенін атап өтті, 60 жастан асқан тұрғындардың 30 мыңнан астамы екпе салдырған.
Жандарбек Бекшин вакциналау қарқынын күшейте түсу керектігін атап өтті. Ол үшін Алматыда барлық жағдайлар жасалған, коронавирусқа қарсы егілетін үш вакцина халықтың сұранысы бойынша қамтамасыз етілген.
Бүгінде Алматыда медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт нысандары мен қаланың СОО-да 211 вакцинация пункті бар. 1256 адамнан тұратын 307 егу бригадалары жұмылдырылған. Қалада бүгінгі күні вакцинаның I компонентінің 32 614 дозасы, II компонентінің 109 673 дозасы қалған.
Ж. Бекшин коронавируспен ауырғандардың жасына қарай құрамына күнделікті талдау жүргізілетінін айтты. Оның айтуынша, соңғы екі аптада COVID-19-ға қарсы иммундаумен байланысты кейбір өзгерістер тіркелген.
«Ауру деңгейі 40-59 жастағы азаматтар арасында 1,1%-ға және 60 жастан жоғары адамдарда 0,9%-ға төмендеген. Алайда 20-дан 40 жасқа дейінгі жастар арасында үлес салмағы 1,7%-ға ұлғайған, бұл жастағылар көп жағдайда басқаларға қарағанда коронавирусқа қарсы екпені алу қажеттігін елеп-ескермейді»,– деп атап өтті Ж. Бекшин.
Одан бөлек, жұқтырудың негізгі ықтимал орындары бұрынғыдай сауда орындары, жекелей алғанда, квартал ішінде, аулаларда орналасқан дүкендер болып отыр, оларда 27,3% жағдайға дейін, базарларда 9,7%-ға дейін тіркелген. Туған-туыс, көрші-көлем, достармен байланыс жасауда жұқтыру оқиғалары 3,6%-ға дейін, сонымен бірге, қала сыртындағы аймақтарға шығу кезінде жұқтыру 1,3%-ға дейін өскен, жұмыс орны бойынша байланыс кезінде жұқтыру 1 % деңгейінде қалған. Қоғамдық көлікте жұқтыру ықтималдылығы 15,9%-ға дейін.
«Қоғамдық тамақтану орындарында жұқтыру деңгейі мейрамханалар, дәмханалар мен барлар есебінен 5,2%-дан 5,8 %-ға дейін өсті. Отбасылық іс-шараларға қатысу кезіндегі жұқтыру деңгейі 4,2% деңгейінде сақталып отыр. Сауда нысандары, банктер, пошта, ХҚКО-да, моншалар мен басқа да нысандарда жұқтыру деңгейі аздаған өзгерістермен бір деңгейде», – деді эпидемиологтар талдауы бойынша деректер келтірген Ж. Бекшин.
Баспасөз конференциясының барысында Алматының бас санитар дәрігері қала тұрғындарын шектеу шараларын сақтауды жалғастыруға шақырды. Шыдамдылық пен жауапкершілік танытып, бетперде тағып, әлеуметтік қашықтық сақтауға шақырды.
«Бұл сұраққа барынша байыппен қарауға шақырамын. Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруда вакциналау жалғыз тиімді жол және солай болады да. Бұл мақсатқа жету үшін барлық ведомстволар мен халықтың бірігуі қажет»,– деп қорытындылады сөзін Ж. Бекшин.