Баланың сауығып шыққанына қарамастан, педиатр дәрігер учаскелік дәрігерден тексеруден өтуге кеңес береді
Балалардағы коронавирус ауруы ересектерге қарағанда жеңіл өтеді, бірақ ата-аналарға алдын-алу шараларын еске салып отырған жөн. Қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиева қанша кішкентай алматылықтардың СOVID-19-бен ауырғаны, қанша адамның сауыққаны және аурудың себептері туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Айнұр Уәлиеваның айтуынша, бүгінгі таңда Алматы қаласының ҚКБЖАА стационарында 71 бала ем алуда. Оның ішінде 1 жасқа дейін - 20, 1 жастан 4 жасқа дейін - 17 бала, 5 жастан 14 жасқа дейін - 24 бала, 15-18 жас аралығында-10 адам бар.
«Біз эпидемиологиялық көрсеткіштеріне қарай балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызамыз. Мысалы, егер отбасының барлық мүшелері ауырып қалса және клиникалық көрсеткіштер болса. Ауруханаға жатқызылған балалар саны ауруханаға жатқызылғандардың жалпы санынан 30% -35%-нан аспайды», – деді Айнұр Уәлиева өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында.
Педиатрдың айтуынша, мегаполисте балалар арасында коронавирустық инфекцияның өсуі наурыз айындағы мерекелерден кейін және сәуірде байқала бастады.
«Наурыздың екінші жартысында біздің мамандар 72 баланы, ал сәуір айында 176 баланы емдеді. Сәуірдің бірінші онкүндігінде ауруханадан 139 бала шығарылды, ал 11-19 сәуір аралығында 107 бала шығарылды», – деді Айнұр Уәлиева.
Баланың сауығып шыққанына қарамастан, педиатр дәрігер учаскелік дәрігерден тексеруден өтуге кеңес береді. Оңалту кезінде үйлестірілген тамақтануды ұстану, тыныс алу жаттығуларын жүргізу, дене шынықтырумен айналысу өте маңызды.
Айнұр Уәлиева журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, жұқтырудың негізгі факторы үй жағдайында байқалатынын атап өтті. Яғни, бір отбасының ересектерімен тығыз байланыс жасаған кезде.
«Біз балалар жаппай ауыра бастады, коронавирус инфекциясы балалар арасында эпидемиологиялық сипатқа ие болды деп айта алмаймыз. Сырқаттанушылықтың өсуі ересек халықтың арасында ауырғандардың көбеюімен тікелей байланысты, ересектер арасында жұқтырып, ауырғандар азайған кезде, бірден балалар арасында да жұқтырудың төмендеуі орын алады. Бүгінгі күні ауруханада ауру ағымы ауыр өтіп жатқан балалар жоқ. Көп жағдайда ауру симптомсыз өтіп жатыр», – дейді педиатр.
Айнұр Уәлиева SARS (ауыр жіті респираторлық синдром) коронавирустық инфекцияның клиникалық ағымы мен өту барысы балаларда анағұрлым жеңіл екенін айтты.
ҚКБЖАА-на клиникалық белгілері бар науқас балалар жеңіл және кейбір жағдайларда орташа ауыр формаларда ауруханаға жатқызылды. Алайда, олар 10%-дан аспайды. Педиатр дәрігерлер инфекцияның себебі мен негізгі берілу жолы ауа тамшылары арқылы екенін атап өтті.
«Адамдар көп жиналатын жерлерге, атап айтқанда, қоғамдық көліктерге, дүкендерге, дәмханаларға, СОО-ға барған кезде жұқтыру қаупі жоғары екенін есте ұстаған жөн, сондықтан бәрімізге бұрынғыдай белгілі профилактикалық іс-шараларын сақтау және оны балаларымызға да үйрету қажет», – деп қорытындылады Айнұр Уәлиева.
Қорытындылай келе, дәрігер ересек тұрғындарды жаппай іс-шараларға, адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, бетперде киюге, қолдарын өңдеуге, өздеріне ғана емес, жақындарына да қауіп төндірмеуге шақырады. Сонымен бірге, екпе алуға шақырды, себебі коронавирустың жылдым таралуынан тек вакцинамен қорғану арқылы болдырмауға болады.
«Өз балаларымыз туралы ойлап, вакцинацияға белсенді қатысу керек. Балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің Covid-19-ға қарсы вакцинацияланатын топқа жатпайтынын естен шығармау керек. Сол себепті де ересек тұрғындардың міндеті – жас ұрпақтың игілігі үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру», – деп аяқтады онлайн-брифингтегі өз сөзін спикер.