Қауіпті індетті жеңудің жалғыз жолы – вакцина алу. Ел үшін елеңдеген қазақстандық журналистер де коронавирусқа қарсы вакцина алып жатыр. Оның бірі – журналист Дәнеш Асқарбекұлы. Ол Almaty.tv тілшісіне берген сұхбатында вакцина алуға өзін ешкім мәжбүрлемегенін айтты.
«Мен «Спутник-V» вакцинасын алдым. Вакцина алуға мені ешкім мәжбүрлеген жоқ. Өз басым мәжбүрлі түрде вакцина салдыруға қарсымын. Бірақ бұл вакцина егуге жалпы қарсымын дегенді білдірмейді. Өкінішке қарай, әлем бойынша коронавирусты емдейтін дәріні әлі ешкім тапқан жоқ. Біз қазір коронавирус тудырған аурудың симптомдарын емдеумен ғана шектеліп жатырмыз», – деді журналист.
Дәнеш Асқарбекұлы коронавируспен байланысты туберкулезбен күресті салыстыра кетті.
«Мысалы, туберкулезді емдейтін дәрілердің жаңа буынының тиімділік көрсеткіші 70-80%-ға дейін барады. Осындай дәрі бола тұра балаға туберкулезге қарсы (БЦЖ) екпе егеді. Бұл екпе 1921 жылы шыққан. Содан бері қарай салынып келе жатыр. Қателеспесем, 2008-2009 жылдары (БЦЖ) екпесін елімізде мыңдаған бала түрлі себеппен алмай қалған болатын. Статистикаға және дәрігерлердің мәліметіне сүйенсек, сол екпе егілмеген балалардың көбі кейін туберкулезбен ауырған, өзге де вирустық жұқпалы ауру жұқтыру көрсеткіші күрт өсіп кеткен», – деді Д. Асқарбекұлы.
Оның айтуынша, коронавирус вакцинасы адамға антидене қалыптастыруға, вируспен күресуге көмектеседі.
«Вакцина коронавирус жұқтырмайтыныңызға кепілдік бермейді. Дегенмен вакцина оны алған адамға антидене жасап шығаруға көмектеседі. Ал, антидене дегеніміз – адам ағзасына вирусты тануға, оған қарсы иммунитет қорғанысын қалыптастыруға көмектесетін құрал. Сол себепті екпе егуді әзірге індеттің бетін қайтарудың жалғыз тиімді жолы деп санаймын», – деді журналист.
Журналисттің пікірінше, қазіргі таңда әлемде эпидемиялық ахуал күрделі. Әлем елдері коронавируспен күресте вакциналау қарқынын үдетіп жатыр. Біз өз уақытымызды өзіміз ұрлап жатырмыз.
«Жақында мен бір топ ғалыммен сөйлестім. Олар Қазақстанда шығатын QazVac-ты, сосын қытай вакцинасын мақтады. Олардың пікірінше, бұл дәстүрлі классикалық технологиямен шығарылатын вакциналар. Сондықтан бұл вакциналарды қауіпсіз, сенімді деп санайды. Сондықтан алдағы уақытта осы вакцинаның бірін ектіруге, ревакциналау туралы шешім қабылдадым. Әлемде күнде айтылып жатыр, бір ел тұрғынының кемінде 60%-ы вакцина алатын болса, коронавирустың таралуы тежеледі. Өкінішке қарай, біз өз уақытымызды өзіміз ұрлап жатырмыз», – деді Дәнеш Асқарбекұлы.
Айта кетейік, елімізде «қызыл аймаққа» кірген өңірлердің қатары күн санап артып келеді.