|
08.11.2021 | 19:02
724

Ревакцинация кезінде қандай екпе салдыру қажет – мамандар кеңесі

Үшінші дозаны кез келген емханада немесе вакцинация пунктінде алуға болады

Ревакцинация кезінде қандай екпе салдыру қажет – мамандар кеңесі Фото: ашық дереккөзден

Елімізде екі аптадан кейін халықты ревакциналау басталады. Қайта егу науқанында вируспен күресте алдыңғы шепте жүрген қызметкерлер бірінші болып егіледі. Бұл тізімге 65 жастан асқан қариялар мен иммунитеті әлсіз адамдар және созылмалы дерті барлар ілігіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.             

Қайта егу – ұжымдық иммунитетті күшейтіп, мутацияланған вирусқа төтеп беруге септеседі. Мұны дәрігерлер айтып отыр. 

Республика бойынша вакцина алудан алматылықтар көш бастап тұр. Бүгінде 940 мыңнан аса адам екпенің 2 бірдей компонентін алды. Десе де, бұл көрсеткіш толыққанды қоғамдық иммунитет қалыптастыру үшін аздық етеді. Себебі, вакциналау науқаны басталғалы 9 ай өтіп, алғаш иммундалғандардың антиденесі төмендеп үлгерді. Бұл өз кезегінде коронавирусты жұқтыру мүмкіндігін арттырады. Ал ревакциналау антиденелердің деңгейін қайта көтереді. Бұл туралы Орталық қалалық клиникалық аурухана директорының орынбасары Эльвира Ибрагимова мәлімдеді.

Маманның айтуынша, қайта егу жұмыстары кезінде «Sputnik V», «QazVac» және «Vero Cell» екпелері қолданылады. Тек вакцинаның үшінші күшейткіш дозасы алғашқы алған екпені қайталамағаны дұрыс дейді.

«Ревакциналау қалада егу жұмыстары жүргізіліп жатқан 137 нысанда, атап айтқанда, медициналық мекемелер мен сауда орталықтарында жалғасады. Сондай-ақ мамандар тұрғындарды қайта егер алдында мәліметтер базасын ашып, келушінің расымен де вакцинаның екі компонентін алғанын және белгіленген уақыттың өткенін тексеріп алады. Кейін егілетін адамның денсаулығын тексеріп, қарсы көрсеткіш болмаған жағдайда ғана ревакцинаға рұқсат береді», – деді Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Эльвира Ибрагимова.

Сондай-ақ дәрігерлер ревакциналау кезінде алғаш екпе алғандағы симтомдар байқалатынын да алға тартты. Мәселен, ине салған жер ауырып, дене қызуы көтерілуі мүмкін. Бірақ бұған алаңдаудың еш қажеті жоқ. Тек дәрігер нұсқауын орындаса болғаны. Ал тұмаудың өршуі ревакциналауды тездетуге себеп болып отыр. Себебі, жұқпалы респираторлы вирусқа шалдыққан адамның иммунитеті әлсіреп, коронавирусқа шалдығу ықтималдығы артады екен. Сондықтан мамандар коронавирус екпесін алғандар тұмауға да қарсы вакцина салғыза алады дейді.  

«Тұмау ауруы мен коронавирустың ерекшелігі – жыл сайын өзгеріп, мутацияға ұшырап отыр. Сондықтан коронавирусқа қарсы екпе тұмауға да, ЖРВИ-ға да әсер етпейді. Сондықтан тұмауға қарсы бөлек вакцина алу керек және ол жыл сайын жүргізіледі. Ал коронавирусқа қарсы мүлдем бөлек вакцина қолданылады», – деді ҚР ДСМ ҚДСҰО «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы басқармасының эпидемиологы Лена Қасабекова.

Осылай Алматыда тұмау мен ковидке қарсы егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соның арқасында вирус бәсеңдей бастады. Бүгінде қалада коронавирус вакцинасының бірінші компонентін алғандар саны 1 млн 2 мыңнан асып түсті. Осы ретте, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавирус екпесін миллионыншы болып алған тұрғынның есімін өзі атады. Шаһар басшысы денсаулығындағы кінәратқа қарамастан, өзін және өзгелерді қорғау үшін екпе салғызған тұрғынның бұл шешімі көпшілікке үлгі болатынын атап өтті.  

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир