Африка елдері вирусқа қарсы вакциналар өндірісін қолға алды

22.02.2022 20:33

Бұл туралы Африка одағының саммитінде белгілі болды

Осыған дейін екпе жетіспеушілігін сезінген Африка елдері енді отандық препарат шығармақ ниетті. Құрлықтың алты елі матрицалық РНҚ негізінде вирусқа қарсы вакциналар өндірісін қолға алыпты. Бұл туралы Африка одағының саммитінде белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Модульдік зауыттар Египет, Кения, Нигерия, Сенегал, Тунис және Оңтүстік Африкада бой көтереді. ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус атап өткендей, екпелерді үлестіру кезінде жеке компаниялардың берген уәдесіне үміттену қауіпті.

«Бұл бастаманың өңірге келтірер пайдасы зор. Ондағы зауыттар безгекке, туберкулезге, қатерлі ісікті қоса алғанда, басқа да ауруларға қарсы вакциналар шығаруға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл стратегиялық инвестиция», - деді ДДСҰ Бас биректоры Тедрос Гебрейесус.

Ал Германия шектеулерді алып тастауға дайындалып жатыр. Оған дейін 1 ай уақыт бар. Алдын ала болжам бойынша бұл шара 20 наурызда басталады. Оған Бостандық күні деген атау да беріп қойыпты. Ізін ала Португалия да сондай шешім қабылдапты. Алайда екі ел де бетперде тағу режимін қалдырады. Ал біздің елімізде карантин ережелерін толығымен алып тастау жайында әзірге сөз болған жоқ.

Дегенмен Қазақстанда ковид жұқтырғандар саны айтарлықтай төмендегені байқалады. Өткен тәулікте ел бойынша бес жүзге жуық тұрғыннан вирус анықталған. Басым көпшілігі Алматы қаласында. Одан кейін Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталған.