|
27.10.2021 | 19:07
2927

Алматыда коронавирусқа шалдыққан балалар саны 10 есеге өскен

Биыл жыл басынан бері 3 мыңнан аса жеткіншек қауіпті вирус жұқтырған

Алматыда коронавирусқа шалдыққан балалар саны 10 есеге өскен sunhome.ru

Әлем бойынша коронавирусқа қарсы вакцина оқушыларға салына бастады. Бүгінде бұл санаулы тізімде Қытай, АҚШ және Ресей елдері көш бастап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Басты себеп – коронавирус балаларды да аяп жатқан жоқ. Пандемия басталғалы қаншама бүлдіршін коронавирустың құрбаны болды. Сондықтан да балаларға да вакцина қажеттілігі туындап отыр.

Балаларға алғаш вакцина салуды бастаған Куба мемлекеті еді. Онда бүлдіршіндердің 2 жасынан бастап екпе салынып жатыр. Ал Қытайдың бірнеше провинциясында «Sinopharm» вакцинасы 3 жастағы балаларға егіліп жатыр. Ресейде «Спутник V» вакцинасын өндірушілер жаңа «Гам-КОВИД-Вак-М» екпесінің тіркелгенін жариялап отыр. Қазір сынама жұмыстары жүріп жатқан бұл препарат 12 жастан асқан балаларды иммундауға арналған. Ал АҚШ-та бұл науқан жазда басталып кеткен болатын, қазір балалардың 40 пайыздан астамы егіліп үлгерген. Енді 5 жастан бастап бүлдіршіндерді вакциналауды жөн көріп отыр.

Мұндай шешім 2 мыңнан аса жеткіншекке жасалған зерттеу жұмысынан кейін қабылданыпты. Себебі сынаманың қорытындысы 91 пайызға жақсы нәтиже көрсеткен.

«Балалар вирусты ересектерге, әсіресе қарияларға жұқтыруы мүмкін. Сондай-ақ құрдастарының арасында тарайды. Америкада коронавирустың салдарынан жүздеген бала өмірмен қоштасты. Себебі вирус жұққанда дерт асқынып, ауыр түрде өтеді, кішкентай ағза мұндай ауыртпалықты көтере алмай қалуы мүмкін. Сондықтан қараша айының ортасынан бастап АҚШ билігі 5 жастан асқан балаларды белсенді түрде егуді бастамақ. Бұған ата-аналар да қарсылық білдіріп отырған жоқ», – деді Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.   

Ал біздің елде қараша айының соңына қарай Pfizer екпесі келген соң 12 жастан бастап балаларға ата-анасының рұқсатымен салынбақ. Себебі, коронавирус оқушылар арасында тез тарап жатыр. Биыл тек Алматыда сырқаттанған балалар саны 3 мыңнан асып, 10 есеге көбейіп кетіпті. Былтыр ауырған бала саны 400-ден аспаған еді. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені басты назарға алып отыр. Дегенмен елде әзірге эпидахуал тұрақты. Соңғы тәулікте 1551 жағдай тіркеліп, науқастар қатары азайып келеді. Алматы «сары аймақта» тұр. Сондықтан мамандар вирустың өршіп кетпеуі үшін карантин шараларын бұзбауға шақыруда. Осы ретте, мониторингтік топтар әлі де жұмысын жалғастырмақ.  

«Жыл басынна бері мониторинг топтар 612 рейд жүргізілді. Оның ішінде 5694 мекеме тексеріліп, 685 заңбұзушылық анықталды. Аудан бойынша 1295 хаттама толтырылып, сомасы 94 467 45 теңге айыппұл салынды. Қазіргі таңда бұл шаралар сақталуы керек. «Сары аймақта» болсақ та, біз оның бәрін сақтауымыз қажет», – деді Алматы қаласы Алмалы ауданының мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Анель Мұсаева.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен отандық QazVac вакцинасын өндірген мамандар мемлекеттік сыйлыққа ие болмақ. Одан бөлек, бірегей «Розеофунгин-АС» атты отандық препарат әзірлеген қызметкерлер де мемлекет тарапынан марапатталады. Жалпы, сыйақыға бюджеттен 37 миллион 200 мың теңге бөлінбек. Бұл әзірге ұсыныс, егер қолдау тапса, ел үшін тер төккендердің еңбегі еленері анық.  

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир