Елімізде өткен тәулікте 416 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған
Коронавирус індетіне шалдыққандар саны қайта артып келеді. Елімізде өткен тәулікте 416 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 47 адамға көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев эпидемиологиялық ахуал бойынша оптимистік сценарий іске асырылуда деп мәлімдеді. Оның сөзінше, қайта екпе салу науқаны да қызу жүріп жатыр.
«Қазір Comirnaty (Pfizer) вакцинасы бүгінгі күні 235 117 адамға егілді, оның ішінде 187 315 жасөспірім және 47 786 жүкті және бала емізетін әйелдер бар. Екінші компонентін 66 017 адам салдырған. Вакциналау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта Қазақстанның 303 мың азаматы ревакцинацияланды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев.
Үкімет басшысы Асқар Мамин әлемде коронавирустың жаңа штамы – «омикронның» таралуына байланысты тапсырма берді. Бұл ретте вакциналау мен ревакциналау шараларына баса мән беру қажеттігін де айтты.
«Жалпы, эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп айтуға болады. Инфекциялық және реанимациялық орындардың жүктелуі 19 процентті құрап отыр. «Жасыл» аймақта – 15 өңір, «сары» аймақта екі өңір – Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Дегенмен, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды, әсіресе, мемлекеттік шекарада жалғастыру қажет. Көптеген елде жаңа штамға байланысты науқастанудың кезекті толқыны басталып жатыр», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.