Депутаттардың айтуынша, қала тұрғындарына қазір вакцина салдыру үшін барлық жағдайлар жасалған
Бүгін Алматы қаласы мәслихатының депутаттары мен қала әкімдігіне қарасты қоғамдық кеңес мүшелері COVID-19-ға қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Вакцинация №17 емханада өтті. Еріктілелер қатарында Алматы қаласы әкімдігіне қарасты қоғамдық кеңес мүшелері – Нұрлан Жазылбеков, Жанат Қасымжанова, Мақсұт Кұлжанов бар.
Сонымен қатар, Алматы қаласы мәслихатының депутатары Алтынай Көбеева мен Ермахан Ибрайымовта коронавирусқа қарсы екпе алды. Вакцинация алдында депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері дәрігерден кеңес алып, тексеруден өтті. Екпеден кейін олар арнайы бөлінген бөлмеде дәрігерлердің бақылауында жарты сағат болды.
«Біз вакцина салдыру арқылы өзіміз үлгі көрсетіп, азаматтық ұстанымымызды танытқымыз келді. Әрқайсымыз бұрынғы еркін өмірге қайта оралғымыз келеді, жақсы көңіл-күймен жұмысқа барғымыз келеді, қоғмдық орындарда демалып, денешынықтыру не спортпен айналысқымыз келеді, сондықтан вакцина салдыру нәтижесінде ешқандай шектеусіз өмір сүре аламыз, өзімізді және жақындарымызды аурудан қорғай аламыз. COVID-19-ды тоқтатудың нақты жолы вакцина салдыртып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру екенін әрқайсымыз түсінуіміз керек», – дейді Алтынай Көбеева.
Депутаттардың айтуынша, қала тұрғындарына қазір вакцина салдыру үшін барлық жағдайлар жасалған, өз қалауымен әр тұрғын таңдаған емханасында, Сауда ойын-сауық орталықтарында және басқа да ірі қоғамдық орындарда вакцинаны ерікті түрде салдыра алады. Ондай орындардың тізімі қала әкімдігінің ресми әлеуметтік желіде және сайтында жарияланған.
Вакцина салдыру үшін Е-gov, Call-орталықтары немесе емханалардағы жедел жүйелер арқылы алдын ала жазылып қоюға болады немесе емханаға тікелей барып салдыртуға болады.