Вакцина алғандарға «жасыл» мәртебе берудің жаңа тәртібі шықты

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыда екпе алғандар саны 950 мыңға жуықтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді екпенің екінші компонентін 21 күннен кейін кешіктірген азаматтар үшін Ashyq қосымшасында «жасыл» мәртебе жойылады. Бұған дейін вакцинаның бірінші компонентін алғандар бірден «жасыл» статусқа ие болып, қоғамдық орындарға еркін кіре алатын. Бұдан былай дер кезінде екпені толық алмасаңыз, «көк» статус сақталады. Жалпы, Алматы қаласында вакцина алғандар саны 950 мыңға жуықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.   

 

Алматыда егу науқаны басталғалы 950 мыңға жуық адам вакцина салғызған. Бұл – халықтың 47 пайызы. Ақ халаттылардың айтуынша, Жетісу ауданындағы екпе алуы тиіс халықтың 80 пайызы  вакцина алған. №11 қалалық емханадағы егу пункті таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді.

«Бізде үш вакцина түрі қолжетімді.» Спутник ви», «Казвак», «Вероселл». Осы күнге дейін вакцина алған адамдардың арасында коронавирус инфекциясымен ауырған науқастар болды. Бірақ ауыр жағдайлар мен асқыну белгілері байқалған жоқ. Сондықтан алматылықтардың бәрін біз вакцина алуға шақырамыз», – деді №11 қалалық емхананың Пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметінің басшысы Аида Мақұлбекова.

Екпе – індеттен құтылудың жалғыз жолы. Әсіресе, созылмалы ауруы барлар үшін вакцина салғызу маңызды. Сонда індеттің ілмегіне іліксе де, ауруды жеңіл өткереді.

«15 жылдан бері қант диабетім бар. Басында екпе алуға қорықтым. Біз ауырсақ, коронавирусты өте ауыр түрде өткеруіміз мүмкін. Соның алдын алып, эндокринолог дәрігермен кеңесе келе, Қытайдың вакцинасын аламын деп шештім», – де»ді қала тұрғыны Александр Осипов.

«Өзімді, жақындарымды қорғау үшін екпе салғыздым. Бұл денсаулығымызға еш алаңдамаудың, бұрынғы өмірге оралудың жалғыз жолы екеніне әбден көзіміз жетті. Сондықтан халықтың тезірек вакцина алғаны дұрыс», – дейді тағы бір тұрғын Фарида Лутур.

Пандемия өнер адамдарының күнделікті тыныс-тіршілігін өзгерткені сөзсіз. Сондықтан олар қалыпты өмірге оралу үшін халықты екпе алуға шақырады.

«Қазіргі таңда болып жатқан мына індет бәрімізге ауыр тиіп жатқаны рас. Сондықтан мен сіздерді жақындарыңыздың, достарыңыздың денсаулығын сақтау үшін екпе алуға шақырамын. Бәріміз бір кісідей атсалысайық. Өзіңізді, отбасыңызды қорғаңыз», – дейді Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі Венера Алпысбаева.

Алматыда өткен тәулікте 1 025 адам екпенің 1-компонентін алса, 1 847 адам 2-компонетін салғызған. Жалпы, қалада 149 вакцинация пункті жұмыс істейді. 214 вакцинация бригадасына 1 028 медицина қызметкері жұмылдырылған.

Жанар Ғаниқызы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров