Алматыда 4 мыңға жуық адам Pfizer вакцинасын алды

18.11.2021 20:35

Мегаполиске америкалық екпе өткен аптада жеткізілген болатын

Almaty.tv

Алматыда мектеп жасындағы балалар мен жүкті әйелдерді вакциналау жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполиске америкалық екпе өткен аптада жеткізілген болатын. Сол уақыттан бері қалада 4 мыңға жуық адам вакцина алды. Оның 2300-і – 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары.  

Қаладағы №83 жалпы білім беретін мектепте Pfizer вакцинасы бүгін жеткізілген, яғни бұл мектепте вакциналау бүгіннен басталып жатыр. Білім беру ордасы екпе егу жұмыстарына сақадай-сай дайын. Арнайы бөлмеде балалардың денсаулығы тексерілсе, келесі бөлмеде вакциналау жүргізіледі.

Қазір бұл білім беру ордасында барлығы 1990 бала бар. 12 мен 16 жас аралығындағы оқушылар саны – 1064.

«Менің жасым 15-те. Біз ата-анамызбен бірге екпе аламыз деп шештік. Бұл оқушылар мен мұғалімдер үшін өте маңызды шешім деп есептеймін. Сыныбымызда қауіпті індетпен ауырғандар тіркелмеді. Соған қарамастан, сақтану мақсатында екпе алып жатырмын», – дейді №83 мектептің оқушысы Анастасия Босикова.