Ұжым басшылары қызметкерлерінің екпе алуына бар жағдайды жасауы керек
Ұжым басшылары қызметкерлерінің екпе алуына бар жағдайды жасауы керек. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері елді, әсіресе кәсіпкерлерді вакцина салдыруға шақырды. Вакциналау тақырыбында өткен шағын конференцияда бірлестік өкілдері бүгінгі эпидахуалға бейжай қарамайтынын жеткізді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Алматы көпір құрылымдары зауытында жұмыс істейтін Әлішер Өскенбай екпенің маңызын туыстарым ауырғанда бір-ақ сезіндім дейді. Жас маман өзінің әріптестері сияқты екпенің екі компонентін де алған.
«Бір ұжымда он шақты адам болып жұмыс істегендіктен, өзгелердің де денсаулығын ойлайсың. Бәріміз екпе алғанбыз. Қазір, құдайға шүкір, ешкім ауырып жүрген жоқ. Жұмыс та уақытылы жүріп жатыр», – деді Алматы көпір құрылымдары зауытының жұмысшысы Әлішер Өскенбай.
Ірі зауыт ұжымы өзге кәсіпкерлерге үлгі. Себебі мұндағы жұмысшылардың 90 пайызы екпе алған. Бүгін кәсіпорын ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бас қосып эпидемиологиялық ахуалды талқылады. Өз кезегінде мекеме жетекшісі Ахметжан Шардинов иммундау процесінде, әсіресе, басшылардың жауапкершілігі зор деген пікір білдірді.
«Кәсіпорын құрылымы өте үлкен, сан қырлы болғандықтан, біз дәрігерлердің нұсқаулықтарын бұлжытпай орындап келеміз. Соның арқасында жұмыс тоқтаған жоқ. Егер ұжым жаппай вирус жұқтырса, темір құрылымдарды кім жасайды? Құрылыс тоқтап қалады. Сөйтіп, елдің барлық саласындағы экономикаға зардабы тиеді. Сондықтан зауыт, кәсіпорын, мәдени орталық болсын, бәрінің басшысы ең алдымен өзінен бастап, өз ұжымын екпе алуға шақыруы тиіс», – деді ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, зауыт директоры Ахметжан Шардинов.
Жиынға қатысқан Ассамблея мүшелері елде індеттің басылмай тұрғанына алаңдаулы. Екпе салдыру уақыт күттірмейтін шара дейді олар.
«Әркім өзінің жеке басынан, отбасынан, ұжымынан бастауы керек. Сонда ғана біз өзіміздің мақсатымызға жетеміз. Себебі бұл індет халықтың ұлтына, нәсіліне, жасына қарамайды», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Жәнібек Нәлібаев.
«Өз басым достарыма, көпшілікке қарап қазіргі жастар вакцина қабылдауды қолдайды. Өйткені олар мұны өзіне берілген парыз ретінде қабылдайды. Өзіміздің, қоршаған ортаның денсаулығына жауаптымыз», – деді «Қазақстандық орыс мәдени орталығы» ҚБ жастар қанатының өкілі Галина Дураченко.
Ал, әдеби сарапшы Светлана Ананьева кесел керемет тұлғаларды, ғалым, жазушыларды бақилық еткеніне ашынады. Ол пандемия тақырыбы заманауи әдебиет беттерінде де өзекті түйткілге айналғанын айтады.
«Пандемия медицина, білім салаларына қатты әсер етті. Ағарту жұмыстарын мұғалімдер қашықтан жасауға мәжбүр болып қалды. Педагог пен оқушы арасындағы баға жетпес байланыс тоқтады. Бұлай жалғаса беруі қатты алаңдатады. Сондықтан екпе алып, бұрынғы өмірге бірге оралуға шақырамын», – деді ҚХА қалалық ғылыми-сараптамалық тобы төрағасының орынбасары Светлана Ананьева.
Ассамблея мүшелері халықты екпе алуға үндей отырып, үгіт-насихат жұмыстарын ардагерлер, аналар мен жастар кеңесінде, түрлі этнос өкілдерінің бірлескен мәдени орталықтарында жалғастырмақ.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы