|
16.04.2021 | 18:02
5080

Вакцинация – ғылымның жемісі: Алматыда дін өкілдері екпе салдырды

Елдегі түрлі дін өкілдері «Қоғамдық дерттен айығу үшін вакцина салғызу – Құдайдан кейінгі екінші көмек», дейді

Вакцинация – ғылымның жемісі: Алматыда дін өкілдері екпе салдырды

Шаһар тұрғындарының ерікті түрде екпе қабылдауы әлі де жалғасып жатыр. Қалалық дін істері басқармасының өкілдері бүгін коронавирус вакцинасын салғызып, оның дін мен ғылымдағы маңызына тоқталды. Толығырақ Almaty.tv тілшіcінің бейнематериалында.

Қаладағы эпидахуалдың нашарлауы аса ойландырарлық жайт дейді дін саласының мамандары. Түрлі діни ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері жиналған мына пунктте бүгін 30-ға жуық адам вакцина қабылдады. Аталған орын 10 сәуірден бері жұмыс істеп тұр. 6 күн ішінде мұнда 70 шақты адам екпе салғызып үлгерген.

«Бүгінде діни қоғамда қызмет ететін кісілер келді. Күнделікті келген адамдардың барлығына таңғы сағат 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін қызмет көрсетіп жатырмыз. Бригадамызда 11 адам қызмет істеп жатыр. Дәрігер, 4 медбике, 2 волонтер, 2 бөлім меңгерушісі. Барлығымыз осындамыз», – деді №1 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Айман Мамбаева.

«Бүгінде  біздің басқармаға қарасты Алматы қаласының дін ұйымдары басшыларын біріктіріп, осы вакцинация пунктіне шақырған болатынбыз. Негізгі мақсатымыз –ковидке қарсы күрес кезінде басымызды біріктіріп, осы ковидке қарсы иммуниттеті жоғарылату мақсатында осында жиналған болатынбыз», – деді қалалық дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов.

Елдегі түрлі дін өкілдері «Қоғамдық дерттен айығу үшін вакцина салғызу – Құдайдан кейінгі екінші көмек», дейді. Мамандардың екпе қабылдағаннан кейінгі жағдайы жақсы, арнайы бақылау уақыты біткен соң, өз қызметтеріне кірісіп кетті.

«Мемлекетімізге осындай мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтамыз. Біз діни адамдар ретінде, адвентистер шіркеуінің қызметкерлері мына жағдайда вакцинацияның қоғам өмірі үшін қаншалықты маңызды екенін түсініп отырмыз», – деді жетінші күн адвентистері шіркеуінің өкілі Даниил Павелко.

«Вакцинация – ғылымның жемісі. Біз үшін ғылымның қоғам пайдасына жұмыс істегені маңызды. Діни адам бола тұра, ғылым-білім жүйесі ретінде қараймыз. Сондықтан дәлелденген, расталған вакцинаны неге салғызбасқа?» – деді «Алматы қаласы Бахаи қауымдастығы» жергілікті діни бірлестігінің өкілі Тимур Чекпарбаев.

Айта кетейік, соңғы тәулік ішінде қалада 8890 адам вакцина қабылдаған. Бүгінде 203 арнайы пункт жұмыс істейді. Екпе егу шарасына 1809 медицина қызметкерінен тұратын 406 бригада жұмылдырылған.

Мадина Оқас, Рашид Шукуралиев, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир