Вакцинация: Маңғыстау облысында мамандар еңбек ұжымдарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді

almaty.tv
almaty.tv
Қазір облыста вакцинаның төрт түрі бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысында эпидемиолог мамандар аймақтағы ірі кәсіпорындарды аралап, еңбек ұжымдарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дәрігерлер 4 мыңға жуық қызметкері бар Ақтау атом энергетикалық комбинатына барды. Мұнда әзірге мыңнан астам адам екпе алған. Айта кету керек, қазір облыс екпе алушылар саны бойынша елімізде соңғы қатарда тұр.

«Мамандар барлығын түсінікті қылып жеткізіп жатыр. Әдет-ғұрыпқа байланысты шараларды тыйып тастамаса да, мүмкіндігінше азайту керек деп ойлаймын. Солай түсінемін. Сонда ғана жеңеміз. Бірден бір қадам осы вакцина деп түсінемін», – дейді кәсіпорын қызметкері Шаңытбай Есенғалиев.

Мамандар алдағы күндері тағы бірқатар кәсіпорында болады. Қазір облыста вакцинаның төрт түрі бар. Препарат жеткілікті. 50-ден астам егу пункті жұмыс істейді. Аймақта 83 мыңға жуық адам екпенің I компонентін,  II компонентін 42 мыңнан астам адам салдырған.  

«Өте орынды, дұрыс сұрақтар қойылып жатыр. Тек қана вакцина арқылы ғана осы індетпен күресе алатынымыз туралы әңгіме, сұхбат жасауымыз қажет», – деді ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Қуатбаева.

Новости партнеров