Өткен тәулікте Алматыда 1531 адамнан вирус анықталған. Осылайша қала республика бойынша індет жұқтырғандардың тізімінде бірінші орынға шықты. Ал, жалпы ел аумағында эпидахуал нашарлап, бір күнде 7,5 мыңға жуық науқастан коронавирус симптомы табылып отыр. Соған сәйкес, ауруханалардағы жағдай да мәз емес. Қызыл аймақта қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Науқастардың ем алуы үшін толық жағдай жасалған ба? Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас біліп қайтты.
№1 қалалық клиникалық аурухана қазір қызыл аймақтағы емханалардың қатарында. Мұнда коронавирус індетін жұқтырған 420 адамға орын дайындалған. Қазір оның 380-і бос емес. Жансақтау бөлімінің өзінде аса ауыр халдегі 13 науқас жатыр. Ал, ауру анықталған тұста өз бетінше ем қабылдаймын деген кейіпкеріміз «Ауруханаға ертерек келгенімде, індеттің бетін қайтару да оңай болар ма еді?» дейді.
«Үйде жатып қалдым. Өз-өзіме жасадым. Негізі бірінші белгі бергенде-ақ әрекет жасауым керек еді. Вакцина алмап едім. Енді, Аллаға шүкір, бетім бері қарады. 1-2 күннен бері өз-өзіме келіп жатырмын. Ақ халатты абзал жандарға алғыс айтайық. Әлеуметтік желілерде неше түрлі сөздер айтылып жатыр», – деді науқас Сафура Әшірова.
Клиникалық аурухана мамандарының айтуынша, мұнда келіп түсетін науқастардың легі азаймай тұр. Күн сайын орта және аса ауыр жағдайда стационарларға жатқызылатындардың көбі- коронавирусқа қарсы екпе алмағандар. «Індетке қарсы иммундық жүйе қалыптаспаған соң, науқастардың ауруды өткеру деңгейі де күрделеніп жатыр»,- дейді мамандар.
«Күнделікті орта есеппен алғанда 40-60-қа дейін науқастар түсіп тұрады, төсек орнының босағанына байланысты. Жағдайы орташа қалыптағы және ауыр халдегі науқастар түсіп тұрады», – деді №1 қалалық-клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Назипа Байжігітова.
Аурумен күрестің басты құралы дәрі-дәрмек пен аппараттар болған тұста, «аталған аурухананың керек-жарақпен қамтамасыз етілуі де жоғары деңгейде», дейді дәрігерлер.
«Протоколдарымызға байланысты вирусқа қарама-қарсы дәрі-дәрмектер, вируске қарсы препараттар дейміз. Гормоналдық дәрілеріміз бар. Одан бөлек, қан сұйылтатын арнайы препараттарымыз бар», – деді №1 қалалық-клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Назипа Байжігітова.
Айта кетейік, Қазақстанның төрт өңірі қауіптілік деңгейінде «қоңыр-қызыл» аймаққа кірген еді. Оның ішінде Алматы да бар. Ал, ел аумағында өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғандардың саны 126-ға жетті.
Мадина Оқас, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы