|
24.11.2021 | 16:32
2907

Жалған вакцина паспортымен жүрген азаматтар екпе салғыза алады

Бұл туралы Алматы қалалық №7 емханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрбол Жұмабеков мәлімдеді

Жалған вакцина паспортымен жүрген азаматтар екпе салғыза алады Фото: ашық дереккөзден

Жалған вакцина құжатын жасатқан, бірақ енді шешімін өзгертіп, расымен де иммундалғысы келетін азаматтар екпе салғыза алады. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Алматыда жыл басынан бері екпенің толық курсынан 962 мың адам өтті. Дегенмен әлі де вакцина алсақ па деп ойланып жүрген азаматтар, сонымен қатар жалған құжат жасатып алғандардың да бар екені шындық. Індеттің расымен ауыр екенін түсіне келе, олар қазір бастапқы ойынан арылған көрінеді. Бұл азаматтардың егілуіне қоғамдық денсаулық басқармасы рұқсат етіп отыр. Ол үшін жергілікті емханаға барып, электронды порталдағы «вакциналанды» деген тізімнен өзін алдыруы қажет.

«Бүгінгі таңда жалған вакцина құжатын жасатқан тұрғындардың емханаға барып, өтініш жазу арқылы екпе салғызуына болады. Біздің тарапымыздан, медициналық мекемелер тарапынан оған ешқандай қарсылық жоқ. Бірақ біз ақпараттық жүйеге сол адам туралы жаңа мәліметті қайта енгізуіміз қажет болады», – деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали.

Дәл осылай жалған анықтама жасатқан тұрғындар №7 қалалық емханаға да өтінім білдіріпті. Пациенттердің тілегін жерге тастамаған мамандар оларға екпе салған. Қазір жалпы қала бойынша оқушылар мен аяғы ауыр, бала емізетін әйелдерді иммундау жалғасуда. Бүгінге дейін 8496 алматылық америкалық екпенің бірінші компонентін алды. Ал қаңтар айында басталатын жаппай ревакциналау науқанында «Файзермен» егілу үшін Бостандық ауданының 300-ге жуық тұрғыны өтінім беріп үлгеріпті. Осы ретте, дәрігерлер коронавирус екпесімен қатар, тұмауға қарсы вакцинаны да алу иммунитетті айтарлықтай нығайтады дейді.  

«Арақашықтығы кем дегенде 14 күн болуы керек. Сонда тұмауға қарсы салған вакцина мен ковидке салған екпенің тиімділігі артады. Адам ағзасындағы антиденелер мөлшері көбейіп, тұмауға да, ковидке де қарсы ағза тұра алады», – деді №7 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрбол Жұмабеков.

Ал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев пандемия басталғалы жедел-жәрдем көмегіне жүгінгендер қатары артқанын хабарлады. Бірақ шұғыл көмек кезінде бірқатар қиындықтар туындапты. Мәселен, науқастардың көпшілігі тұрғылықты мекенжайы бойынша тиісті емханаларда тіркелмей, өздеріне тиімді мекемелерді таңдапты.  

«Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша тұрғындар мобильді бригаданы үйіне шақырып, ол инфекциялық ауру ма, жоқ әлде коронавирус па, осы жағдайларды анықтауда нақты емханалық көмектерді үйде көрсетуге келген кезде, оның тұрғылықты жеріне жақын емханаға тіркелгені жөн», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.

Бүгінде Қазақстанда эпидахуал тұрақталғанымен, көрші мемлекеттерде вирус қайта өршіп барады. Германия, Вена, Австрия, Чехия. Айта берсең, тізім ұзақ. Сондықтан қазір бұл елдер екпе салдырмаған азаматтармен барынша күресіп жатыр.  

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир