Мамандар жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы біріңғай жүйеден тексеріп, анықтаманы қолыңызға шығарып береді
Бұған дейін вакцина алғаныңызды растайтын құжат электронды түрде сақталып келсе, енді оның түпнұсқасын шығарып алуға мүмкіндік бар. Осылайша ағзада антидене қалыптасқаны туралы ақпаратты ресми түрде дәлелдеуге болады. Айта кетейік, құжат екпенің екі дозасын да алған пациенттерге ғана беріледі. Мұндай мүмкіндік еліміздің бас санитар дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес, 1 маусымнан бастап күшіне енді. Вакцинация құжатын қалай алуға болады? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтады.
Екпе салдырғаныңызды растайтын құжатты алу үшін қаладағы кез келген емхананың вакциналау пунктіндегі дәрігерлерге жүгінсеңіз болады. Мамандар жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы біріңғай жүйеден тексеріп, анықтаманы қолыңызға шығарып береді. Құжатта екпенің бірінші және екінші кезеңін қай уақытта алғаны, салғызған вакцинаның атауы сонымен қатар басқа да деректер 3 тілде көрсетілген.
«Мәселен, ұялы телефон қолданбайтын егде жастағы адамдар өзімен бірге алып жүруіне болады. Одан бөлек кейбір мемлекеттік мекемелерге кіру үшін осы құжатты талап етуі мүмкін. Осындай жағдайда құжаттың қағаз түріндегі нұсқасы қажет болады. Одан бөлек, екпе алғандығы туралы ақпарат электронды Egov үкіметтік біріңғай порталында сақтаулы. Жеке сәйкестіндіру нөмірі арқылы орталық базадан да тексеруге мүмкіндік бар», – деді №7 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрбол Жұмабеков.
Ал шаһарда коронавирусқа қарсы вакциналау қарқыны бәсеңдеген жоқ. Екпе алған тұрғындар саны 300 мыңнан асып кетті. Қазір мегополисте 212 вакциналау пункті жұмыс істеп тұр. 40-қа жуық көшпелі мобильді бригада ұйымдастырылған.
«Жұмыс барысымен Ресейге жиі қатынаймын. Екі ел арасында қиындық тудырмас үшін екпе алдым. QazCovid-In-ді таңдадым. Қазақстанда өндірілген вакцинаны қолдау керек», – деді қала тұрғыны Әнуар Якупов.
«Бүгін екпенің 2-ші компонентін алуға келдім. Өзімді жақсы сезінемін. Алғашқысын алған кезде де жеңіл болды. Қауіпті індеттен құтылу үшін бұл маңызды қадам деп есептеймін», – деді қала тұрғыны Гүлнар Құлмурзиева.
Айта кетейік, бірнеше айдан бері қауіпті аймақтар тізімінде болған Алматы қазір «сары» аймақта. Десе де, арқаны кеңге салу әлі де ерте деп ескертті мамандар. Көше мен қоғамдық көлікте санитарлық талапты сақтау басты талап.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы