30 мыңнан астам қария екпе алды: Алматыда тағы бір вакцинациялау пукті ашылды

14.05.2021 03:26

Шаһарда коронавирус екпесін салатын 214 пункт жұмыс істейді

Almaty.tv

Алматыда коронавирус вакцинасын салатын жаңа егу пункттері іске қосылып жатыр. Тағы бір екпе орны иммундық тапшылық синдромының алдын алу және оған қарсы күрес орталығында істеп тұр. Мұнда халықты вакциналау 29 сәуірде басталып, бүгінге дейін 100 адам екпе алған. Қазір онда егу жұмысы қалай жүріп жатыр? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт айтады.

Шаһарда коронавирус екпесін салатын  214 пункт жұмыс істейді. Оған қоса емханаларға көмек ретінде тағы егу кабинеттері де ашылып жатыр. Екі апта бұрын ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығында іске қосылған вакциналау кабинетіне күнделікті 20-ға жуық адам келеді екен.

Бұл орталықта егу пункті 29 сәуірде ашылған. Содан бері 100-ге жуық шаһар халқы ресейлік «Спутник V» екпесін алған. Дәрігерлердің айтуынша, мұнда ешкім тіркеуге тұрмайды. Сондықтан тұрғылықты мекенжайына қарамастан, екпе алуға ниет білдірген кез келген қала тұрғыны келе алады.

Одан бөлек, бұл егу пунктінде ЖИТС-тан емделушілер мен жақын аймақ тұрғындары да егіледі екен. Себебі кезек жоқ, санитариялық талап сақталған. Әзірге мұнда келушілерге тек ресейлік екпе ұсынылуда. Терапевттердің айтуынша, кері әсерге шағым жасағандар болмапты.

«Таңғы 8:30-дан 18:00-ге дейін жұмыс жасаймыз. Барлық дәрігерлер, тіркеушілер, медициналық қызметкерлердің бәрі арнайы дайындықтан өткен. Пациенттер келер алдында бірінші дәрігердің қарауынан өтеді. Дәрігер міндетті түрде дене қызуын, қан қысымын, сатурациясын қарап, қарсы көрсеткіш болмаған жағдайда ғана екпеге жібереміз», – деді қалалық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының эпидемиологы Сандуғаш Зейнелова.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, тек соңғы тәулікте мегаполисте екпе алғандар саны 3053-ке жеткен. Белсенділік танытқан халық «Сақтықта – қорлық жоқ» дейді.

«Мен былтыр COVID-19-бен ауырып жазылдым. Бірақ вирусты қайта жұқтырамын ба деп қорқамын. Ал, вакцина арқылы мен өзімді және жақындарымды қорғай аламын», – деді қала тұрғыны Марина Ромахова.

«Екпе алған таныстарымда кері әсер болмады. Вакцина расымен де көмектесіп жатыр. Өзім бүгін бірінші компонентін алдым, бәрі жақсы», – деді қала тұрғыны Светлана Сидоровская.

Жаппай вакциналау науқаны басталғалы Алматыда 303 мыңға жуық адам екпе салдыртқан. Олардың ішінде қариялар саны 30 мыңнан асыпты. Ал, ниет білдіргендер 3 түрлі екпенің қалағанын ектіре алады. Тек, таңдаған егу пунктіне алдын ала хабарласып, қай вакцина керек екенін анықтау қажет.  

Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы