Алматыда КВИ-ге қарсы ұжымдық иммунитет 58 пайызға жетті – Сағынтаев

Almaty.tv
Almaty.tv
Жыл басынан бері коронавирусқа 164 477 алматылық шалдыққан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда эпидахуал тұрақталып келеді. Себебі мегаполисте ұжымдық иммунитет 58 пайызға жетті. Жалпы, жыл басынан бері коронавирусқа 164 477 алматылық шалдыққан. Бүгінде екпенің арқасында көрсеткіш айтарлықтай төмендеп, тәулігіне 30-дан аса науқас тіркелуде. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Дегенмен көрші мемлекеттерді дендеген «Омикрон» штамының елде пайда болуы ықтимал дейді шаһар басшысы. Сондықтан халықты жаппай ревакциналау науқанына қатысуға шақырды.  

Алматыда соңғы 7 тәулікте коронавируспен сырқаттанғандар саны азайды. Мәселен өткен аптада індетке 249 адам шалдықты деп болжанса, қазір 233 жағдайға төмендеген. Ал сырқаттанғандардың басым көпшілігі 20-дан 59 жасқа дейінгі алматылықтар екен. Балалар мен қариялардың үлесі 40 пайызға жетіпті. Мегаполисте коронавирустың бәсеңдеуіне ұжымдық иммунитеттің 58 пайызға жетуі ықпал етті дейді шаһар басшысы. Дегенмен мереке қарсаңында вирус өршіп кетуі ықтимал. Сондықтан Бақытжан Сағынтаев халықты ревакциналаудан өтуге шақырды. 

«Уақыт өткен сайын екпенің әсері төмендейді. Сәйкесінше, антидене мөлшері де азаяды. Сол кезде ауырып қалу әбден мүмкін. Қазір еуропалық эпидемиологтар бұрын-соңды екпенің толық курсын алып, бірақ ревакциналаудан өтпеген азаматтардың індетке қайта шалдығып жатқанын айтып отыр. Сондықтан біз бұл жұмысты күшейтуіміз керек. Қала халқын белсенді түрде үшінші мәрте иммундалуға шақырамын!», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бүгінде Алматыда вакцинаның екі компонентін алған тұрғындар саны 1 миллион 3 мыңнан асты. Сондай-ақ «Файзер» екпесін салғызғандар саны 25 мыңнан асып отыр. Ал ревакциналау науқанынан 45 503 адам өткен.  Бірақ соңғы аптада иммундалуға ниет білдіргендер қатары қысқарыпты. Осыған байланысты қалалық эпидемиологтар шаһарда жаңажылдық мерекеден кейін, қаңтар айының ортасында эпидемияның кезекті толқыны болуы мүмкін деп болжап отыр. Ал наурызда өршуі ықтимал екен. Сондықтан мамандар індеттің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр дейді.

«Ауданда қазір орта білім беретін 41 мектеп бар. Оның ішінде біздің мамандар мен аймақтық емханалардың қызметкерлері біріге отырып, санитарлық ағарту және санитарлық түсіндіру жұмыстары өте қарқынды түрде жүреді. Сондай-ақ жұмыстар Zoom платформасы арқылы да жүруде. Ол жерге жасөспірімдердің ата-аналарын шақырып, оларға вакцинаның тиімділігі туралы айтып түсіндіріп, рұқсатын алып жатыр», – деді Алмалы ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Сейітқазиева.

Сондай-ақ қала әкімі Бақытжан Сағынтаев алдағы уақытта мегаполисте «омикрон» штамының тіркелуі әбден мүмкін екенін алға тартты. Себебі жаңа вирус әлемнің 106 елінде, соның ішінде ұжымдық иммунитеті ең жоғары мемлекеттерде дендеп үлгерген. Шаһар басшысы қалада жаңа инфекцияның алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар кеңінен жүргізіліп жатыр дейді. Қазір ауруханалар жаңа толқынға дайын, дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті екен. Одан бөлек желтоқсанның басынан бері Алматыға шетелден 49 мыңнан аса жолаушысы бар 344 рейс қоныпты. Оның ішінде «омикрон» штамы тіркелген елдерден 2900 адам келген. Барлығы бірден 7 күнге оқшауланып, медициналық бақылауға алынған. Арасында коронавирусты жұқтырған 5 науқас бірден инфекциялық стационарға жатқызылыпты.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров