Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Президенттен сын естіді. Коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жиын барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрінің жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтты. Халықты дерттен қорғайтын екпенің жеткіліксіздігінен жағдай ушығып кетуі мүмкін деп ескертті. Отырыста көтерілген өзге де мәселелер туралы Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тікелей эфирде айтып беруге дайын тұр.
– Асылбек, алдағы уақытта коронавируспен күресте қандай шаралар қабылданатын болды?
– Коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі отырыста Президент Үкімет жұмысын сынға алып, қауіпті дертпен күресте кеткен кемшіліктерді тез арада жоюды тапсырды. Бірінші кезекте мемлекет басшысы вакцинациялау науқанының жоспарлы жүргізілмей жатқанына тоқталды. Бұл ретте тек Денсаулық сқатау министрлігіне ғана емес, жалпы Үкімет құрамына эпидемиологиялық ахуал тұрақтанбаса кадрлық шешім қабылдайтынын ескертті.
«Алексей Владимирұлы, бұған дейін сізге дәл қазіргі кезеңде Денсаулық сақтау министрлігі Үкіметтегі басты фигура екенін айтқан едім. Сіздің ерекше өкілетіңіз бар. Сіз жұмысты жақсы бастадыңыз. Дегенмен одан кейін қарқынды айтарлықтай төмендетіп жібердіңіз. Сәуір бойы сіз жағдайды дұрыстауыңыз қажет. Олай болмаған жағдайда сіздің көңіліңізді қатты қалдыратын кадрлық шешім қабылданады. Бұл тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, сонымен бірге бүкіл Үкіметке қатысты», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Президент вакциянаның жеткіліксіздігінен көшбасшы елдерден біршама артта қалып келе жатқанымызды айтты. Бүгінде иммундау курсын шамамен 47 мың адамның алғаны өте төмен көрсеткіш деп бағалады. Ал ел екпе науқаны алдында Үкімет «Спутник V» бойынша уағдаластық пен отандық вакцина өндірісі елдің екпеге қажеттілігін толықтай қамтамасыз етеді деп сендірген еді.
«Осы ақпараттың негізінде мен жаппай вакцинациялау 1 ақпаннан басталатынын айттым. Екі ай өткеннен кейін халықтың 0,2 пайызға да жетпейтін бөлігі вакцина алған. Ендігі маған өзге мемлекеттердің басшыларымен қосымша вакцина жеткізуге қатысты келісуге тура келеді. Біз жедел жеткізілім үшін тиімсіз коммерциялық және қаржылық шарттарға келісуге мәжбүрміз», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сын садағына «СҚ-Фармация» басшылығының жұмысы да ілікті.
«Жекелеген өңірлерде сатып алынатын жеке қорғану құралдарының тапшылығы немесе сапасының төмендігі байқалуда. Біз «СҚ-Фармация басшылығын ауыстырдық. Дәл қазір жаңа басшылықтың басқару мүмкіндіктерін көрсететін сәт келді. Олай болмаған жағдайда жұмыстан босатылады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент азаматтар және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастағанын да тілге тиек етті. Бұл жағдайды одан бетер ушықтырары сөзсіз. Дегенмен көптеген сарапшылардың айтуынша, 2021 жылы жалпы ахуал жақсарып, пандемиядан кейін азаматтардың тұрмыс сапасының артуына жаңа мүмкіндіктер туады. Сондықтан халықты екпе мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерден аулақ болуға шақырды Президент. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнестің кредиттерімен жекелеген салықтары бойынша төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндіктерін пысықтауды тапсырды. Мамыр айынан бастап кәсіпкерлік субъектілері қызметіне, оның ішінде қызмет көрсету саласындағы шектеулерді біртіндеп алып тастауға кірісуге болатынын жеткізді.
– Рахмет. Елордадан тікелей байланысқа шыққан әріптесім Асылбек Тойбек болатын.