Вакциналау – мектептер мен емханаларда жүргізіліп жатыр
Қазақстанда 3 300-ден астам бала вакцина алған. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, вакциналау екі жерде – мектептерде және емханаларда жүргізіледі. Ол ата-аналардың қалауымен шешіледі. Вице-министр бұл жұмыстың жоспарлы түрде, ата-аналар келісімімен, дәрігерлердің рұқсатымен жүргізілетінін еске салды.
«Балалардың денсаулығына ешқандай қатер болмас үшін, мектептерде екпе кабинеттерін ұйымдастырдық. Pfizer вакцинасы оқушылармен қатар жүкті және бала емізетін әйелдерге салынады», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.
Вице-министр вакцина салдырмай жүрген ата-аналарды балаларын қауіпті дерттен қорғауға шақырды. Мезгілге байланысты көптеген респираторлық вирустық инфекциялардың асқынған түрде жүретінін тілге тиек етті. Сондықтан мемлекет әлемдегі барлық клиникалық зерттеулерден өткен, ең тиімді вакцинаны әкеп отырғанда, бұл мүмкіндікті пайдаланған абзал дейді. Бүгінде елордада балаларына екпе салдыруға асыққан ата-аналар да аз емес.
«Бүгін бірінші болып вакцина алуға келіп отырмыз. Бұл – баламның қауіпсіздігі үшін керек. Ол екпе салдырғаннан кейін көпшілік орында еш кедергісіз жүре алады. Мен әке ретінде вакцина алған дұрыс деп шештім», – дейді ата-ана Бақытжан Омарханов.