Алматыдағы бизнес нысандарда жұмыс істейтін мамандардың 76 пайызы екпе алған

almaty.tv
almaty.tv
123 мыңға жуық бизнес субъекті бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы бойынша 123 мыңға жуық бизнес субъектінде жұмыс істейтін мамандардың 76 пайызы екпе алған. Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, бүгінде сауда және өнеркәсіп саласы екпе салғызуда көш бастап тұр. Өнеркәсіп өндірісінің жұмыс қарқынымен танысып қайтқан Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас жалғастырады.

Пандемия жағдайында біршама уақыт жұмысы тоқтаған мына зауыттың қызметкерлері «Вакцина – ең әуелі өзіміздің игілігіміз үшін», – дейді. Денсаулықпен қатар жұмыстың да маңызын түсінген мамандар қазір қаланың жеңіл өнеркәсібіне елеулі үлес қосып отыр. Зауыт басшысының айтуынша, мұндағы 650 адамның 450-і вакцина салғызған.

«Мақсат – өзі-өзіне, қасындағы жұмысшыларына, отбасы, бәріне жұқтырмау, бүкіл ел болып осы кезеңді жеңу үшін вакцина алып жатырмыз», –  деді киім цехының басшысы Мұхамедқали Сабыров.

«Көп адамдар енді ауырып жатыр ғой. ондай болмау үшін, мен өзім үшін алдым вакцинаны», –  деді киім цехының қызметкері Жібек Келімбетова.

«КазЛегПром» зауыты мемлекеттік тапсырыс бойынша арнайы киімдер мен аяқкиімдер тігеді. Жаңа маусымда жаңаша жұмыс бастадық деген мамандар ендігіде күнделікті тұрмысқа арналған классикалық киімдерді де сатылымға шығаруды бастап кеткен.

Қазір арнайы тапсырыспен дайындалып жатқан мектеп формасының дайындығына келдік. Мұнда әр киім қолданысқа берілмес бұрын бірнеше кезеңнен өтеді. Біз қазір соның бірінші кезеңіндеміз. Киім арнайы аппаратпен дайындалады. Айта кету керек, дәл осылай күніне 200-ге жуық киім қолданысқа беріледі.

Бүгінгі таңда бизнес саласындағы вакцина салғызу көрсеткіші жеңіл өнеркәсіпте әлдеқайда жоғары. Мұндағы мамандардың 80 пайыздан астамы екпе алған.  

«Алматыдағы бизнес субъектілерінде жұмыс істейтін мамандардың 695 мыңы вакцина салғызуға жарамды. Жалпы айтсақ, жұмыскерлердің 76 пайызы екпе алып отыр, бұл дегеніміз 528 мың адам деген сөз», –  деді қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қанат Сағындықов.

Басқарма мамандары қыркүйектен бастап кәсіпорындарда арнайы тексеру жұмыстары жүргізіледі дейді. Бұл түрлі саладағы қауіптің алдын алуға септігін тигізеді.

Мадина Оқас, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров