Гамалея атындағы институт: «Спутник V» вакцинасының тиімділігі 97,6 пайызды құрайды

10.07.2021 22:43

Мақалада AstraZeneca және Johnson & Johnson препараттарымен салыстырғанда «Спутник V» вакцинасында бір емес, екі аденоваирус бар екені жазылған

REUTERS

Ресейлік «Спутник V»  вакцинасын әлемнің 70-ке жуық елі қолданып отыр. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жанама әсері туралы дауға байланысты ресейлік препаратқа рұқсат бермей отыр, деп жазды Nature журналы. Мақала авторы «Спутник V» коронавиурсқа қарсы әлемдегі алғашқы вакцина ретінде тіркелгенін және бүгінде ондаған мемлекет оны қолданып отырғанын, бірақ жаһандық таралым үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рұқсаты қажет екенін жазған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі sputnik.kz-ге сілтеме жасап.

Көптеген шетелдік эпидемиологтар ресейлік вакцинаның тым қысқа мерзімде тіркеуден өткенін сынға алды.

Алайда «Спутник V»  вакцинасының коронавирустан қорғау тиімділігі 91,6% және аурудың жеңіл өтуіне ықпалы 100% екені туралы The Lancet журналындағы мақаладан соң бірқатар күдік сейілді. Кейінірек Гамалея атындағы институт жаңа мәлімет жариялады, оған сәйкес екі дозаны салғаннан кейін аталған вакцинаның тиімділігі 97,6%-ға жетеді.

Шетелдік ғалымдар әлі күнге дейін сын айтып жатқанына қарамастан, препаратты Оңтүстік Корея, Аргентина, Венгрия және Үндістан сынды мемлекеттер мақұлдап, Біріккен Араб Әмірліктері оның тиімділігін 97,8% деңгейінде бағалады.

Мақалада AstraZeneca және Johnson & Johnson препараттарымен салыстырғанда «Спутник V» вакцинасында бір емес, екі аденоваирус бар екені жазылған. Бұл оның қорғаныш қабілетін арттырады. Сонымен қатар ресейлік препаратпен иммундаудан кейін ешбір елде қанның ұюына қатысты жағдай тіркелген жоқ. Атап айтқанда, Аргентина, Бразилия немесе Сан-Марино вакциналаудан кейінгі қандай да бір ауыр жағымсыз әсер жайлы хабарлаған жоқ.

Автордың пікірінше, «Спутник V» вакцинасын Ресейде және шетелде одан әрі зерттеу оның тиімділігі мен қауіпсіздігін толыққанды анықтауға көмектеседі.