Бүгін Мемлекет басшысы коронавирус вакцинасын салғызды, деп хабарлайды Almaty.tv. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, Мемлекет басшысы Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған «Спутник-V» вакцинасын салғызған.
«Президенттің вакцина салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы жақсы. Ешқандай жанама әсерлер жоқ.
Мемлекет басшысы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана Қазақстан азаматтары коронавирусты жеңе алатынына, барлық шектеулердің алынатынына, халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралатынына сенімді», – деп жазады ол.
Сонымен қатар, ол Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты мейлінше тезірек вакцина салдыруға шақырғанын да айтты.
«Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты мейлінше тезірек вакцина салдыруға шақырды. Бұл – өзіңді және жақыныңды қорғаудың жалғыз жолы.
Бұған дейін Президент Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға шетелден вакцина жеткізуді қамтамасыз етуді және отандық вакцина өндіруді жолға қоюды, сондай-ақ, екпе салу үдерісін ұйымдастыруды тапсырған болатын», – деді Берік Уәли.