Вакцина алып, Ыстықкөлде демалып қайтқан студенттер: Біз офлайн оқуды, студенттік өмірді қатты сағындық

06.08.2021 00:16

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері мен оқытушылары арасында Ыстықкөлге жолдама ойнатылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі

Жоғары оқу орындарының вакцина салдырған студенттері мен оқытушылары акцияларға қатысып, сыйлық ала бастады. Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері мен оқытушылары арасында Ыстықкөлге жолдама ойнатылды. Нәтижесінде 40 студент пен оқытушы жаңа оқу жылы қарсаңында демалысқа жолдама алды. Вакцина алған студенттер Ыстықкөлде қалай демалды? Almaty.tv тілшісіне баяндап берді.  

«Вакцинация – біздің мемлекетімізде жалпы халықтың амандығы үшін жасалынып жатқан өте пайдалы дүние. COVID-19 ауыруынан бізге тезірек құтылу үшін осы вакцинация қажет болды. Қазақ Ұлттық университетінде студенттік декан, активисттердің бірі болған соң, айналамдағы адамдардың алдында жауапкешілікті сезініп, өзімді вакцинация алуға міндетті екенімді сезіндім. Осы вакцинация арқасында Қазақ Ұлттық университеті Ыстықкөлге тегін жолдама беріп, достарымызбен керемет демалып қайттық. Университет басшылығына үлкен алғыс білдіреміз!» – дейді ҚазҰУ студенті Пралина Меруерт.

«Қазіргі таңда пандемияға байланысты сабақ онлайн форматта өтуде, ал біз оффлайн форматтағы оқуды, студенттік өмірді, аудиториялардағы сабақты, ұстаздарымызды қатты  сағындық, сол себепті вакцина алып жатырмыз. Сіздерді де вакцина алуға шақырамын! Қазақ Ұлттық университеті бізге Ыстықкөлге тегін жолдама берген болатын. Демалысымыз есте қаларлықтай болды деп айта аламыз. Көңілді ойындар ғана емес, өзімізді дамытатын тренингтер ұйымдастырылды, бағдарлама өте қызықты болды. Еліміздің болашағына алаңдайтын, алға ұмтылған белсенді жастар бары қуантады. Есімізде қалатыны – осындай қуанышты сәттер есімізде қалады. Ыстықкөлде өткізген 2 күнімді ешқашан ұмытпаймын. Осындай мүмкіндік берген ҚазҰУ-ға алғысым шексіз»,  – дейді ҚазҰУ студенті Жеңісбек Мөлдір.

«Коронавирус екпесін алып, мұндай көп мүмкіндіктерге қол жеткіземін деп ойламадым. Себебі вакцинаны өзімнің және жақындарымның денсаулығын қорғау үшін алған болатынмын. Бірақ университет әкімшілігі ұсынған осындай керемет акция аясында вакцина алған достарыммен бірге Ыстықкөлде демалып, қызықты уақыт өткізіп қайттық»,  – дейді ҚазҰУ студенті Қуанышбай Наргиз.

«ҚазҰУ-дың вакциналанған студенттері мен оқытушылары болып Ыстықкөлде тегін демалып қайттық. Осындай мүмкіндік беріп, кереметтей демалыс ұсынған университетке мың алғыс. Қаланың қарбалас тіршілігіген аз да болса демалып, жаңа оқу жылына энергия жинап келдік»,  – дейді ҚазҰУ студенті Жүрсінәлі Ұлдана.

«Бүгінгі күнде әлем бойынша пандемия жағдайы ушығып тұр. Бұдан арылып, бұрынғы жағдайға келуіміздің тек бір  ғана жолы бар. Ол – вакцина алу. Қазіргі таңда барлық дерлік оқу орындары студенттерді ынталандыру мақсатында вакцина алған студенттерге жеңілдік жасап, сыйлықтар беруде. Осының бір дәлелі альма матеріміз ҚазҰУ-дың вакцина салдырған студенттері мен оқытушыларына толықтай тегін түрде Қырғыз Республикасындағы Ыстықкөлге жолдама беруі. Университетіміз мұнымен шектеліп қоймай алдағы уақытта бұдан да бөлек жеңілдік болатын мәлімдеді. Бұл – өте қуантарлық жағдай. Пандемиядан арылу өз қолымызда! Барлығымыз вакцина алайық!» – дейді ҚазҰУ студенті Нуржау Мади.

 ҚазҰУ вакциналанған жастарға студенттер үйінде тұруға жеңілдік, тегін тамақтану талондары, жол ақшасының қосымша төлемдері, тіл оқыту курстарына сертификаттар және тағы басқа сыйлық беріледі.

«Университет қабырғасында өзіміздің вакцинация пункті қойылып, студенттер, оқытушылар, кураторалар және қызметкерлер сол жерден вакцина салдыра алатындай мүмкіндік жасалды. Одан бөлек екпе алуды ынталандыру үшін ақпараттық, ұйымдастыру, және түсіндірме жұмыстары белсенді жүргізілуде. Осыған дәлел – бір топ студент пен оқытушыға  Ыстықкөлге тегін жолдама берілуі. 2 күнде университет тарапынан қызықты бағдарлама ұйымдастырылып, жақсы демалып қайттық. Вакцинация бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өз жемісін беріп, тезірек дәстүрлі оқу форматына көшіміз деген үміттеміз»,  – дейді ҚазҰУ оқытушысы Арыстанбек Асқарұлы.